«Шайтанның алдамшы 12 сөзі». Тағы бір басылым сынға ұшырады

221
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UEFuK9cGpvmyNe0CBdz0Cx5VIocQe5jcbqzzBXJ6.jpg

«Айгөлек» балалар журналында жарияланған материалдар қоғамда қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Информбюроға" сілтеп.

Бүлдіршіндерге арналған басылымда «Шайтанның алдамшы 12 сөзі», «Тозақ» сынды тақырыптардың жарық көруі ақын-жазушылар тарапынан сынға ұшырады. 

Желі қолданушылары пайғамбар, шайтан, өлім мен күнә жайлы діни әдебиеттерден алынған үзінділердің балалар психологиясына ауыр тиетініне алаңдаулы. Қаламгерлер журнал оқырмандарының жас ерекшелігін ескеріп, діни тақырыптарды балалық шаққа араластырмау қажет екенін айтады.

Ақын Дариға Нұрашева бұл тұрғыда өз пікірін білдірді.

«Баланың түсінігіне ауыр тақырып. Анығын айтқанда, діни мазмұндағы дүние. Менің ойымша, адам кәмелет жасқа толғаннан кейін ғана мұндай тақырыпты өзі таңдауы керек», – деді ол.

Журналды ашық сынға алған зиялы қауым өкілдері басылым редакциясынан ресми түсіндірме күтетінін жеткізді.

Ал «Айгөлек» балалар журналының бас редакторы Қымбат Әбілдәқызы дауға айналған материалдар профессор Мырзакелді Кемел мен Қаламқас Темірбаева авторлығындағы «Өнеге» кітабынан алынғанын айтты. Оның сөзінше, бұл материалдар балалар арасындағы қатыгездік пен қастандықтың алдын алу мақсатында жарияланған.

«Балалар арасында қатыгездік жиілеп тұрған кезде жас сананы тыйым арқылы тәрбиелеудің бір жолы осы деп ойладық. Ал желідегі пікірлерді көреалмаушылық пен журналға жазылу науқаны кезінде аяқтан шалу деп қабылдаймын», – деді бас редактор.

Қоғамда туындаған дау әзірге басылмай, балаларға арналған басылымдардың мазмұнына қатысты жауапкершілік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.

Комментарии