Қорғаныс министрлігінің жүгі тиелген. Жамбыл облысында вагондар рельстен шығып кетті

143
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wK8u2hzP4qcOlADppGNok5CeF6bbSbHWNFpyumDc.jpg

Әлеуметтік желілерде 20 желтоқсан күні Жамбыл облысындағы теміржолда оқыс оқиға болғаны туралы ақпарат тарады. Аталған жағдайға Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясы мен Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна".

Telegram-арналардың бірінде жарияланған мәліметке сәйкес, 20 желтоқсанда Жамбыл облысында сұрыптау дөңесінде вагондарды тарқату кезінде үш жүк вагоны бір-бірімен соқтығысқан. Соның салдарынан барлық дөңгелек жұптарымен рельстен шығып, аударылғаны айтылған. Сондай-ақ бейресми дереккөздер екі вагонда Қорғаныс министрлігіне тиесілі әскери-техникалық мүлік болғанын алға тартқан.

Осы ақпаратқа байланысты  Қазақстан теміржолы компаниясының баспасөз қызметі мәлімет берді. Компания өкілдерінің мәліметінше, оқиға 20 желтоқсан күні сағат 21:25-те Жамбыл облысындағы Түрксіб станциясында орын алған. Маневрлік жұмыстар барысында тарқатылып жатқан вагондар жолға шығуға дайын тұрған жүк пойызымен соқтығысқан.

«Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Пойыздар қозғалысында кідіріс болған жоқ, өзге құрамдардың жүру кестесіне әсер етпеді. Қалпына келтіру жұмыстары жедел түрде жүргізілді», — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда Түрксіб станциясы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі де ресми мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, 20 желтоқсанда Түрксіб станциясында маневрлік жұмыстар кезінде бірнеше вагон рельстен шыққан. Алайда олардың құрамында әскери техника, қару-жарақ немесе оқ-дәрі болмаған.

Құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтауды жалғастырып жатыр.

Еске сала кетейік,  2021 жылдың 26 тамызында сағат 19:10-да Байзақ ауданы Қайнар ауылында орналасқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің No28349 әскери бөлімінің (инженерлік бригада) оқ-дәрі қоймасы теміржол бойында жанған болатын. Апат болған жерге баратын барлық жолдар, соның ішінде теміржол уақытша жабылған еді.

Комментарии