Абай облысында «Достық-2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды

199
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MItPdeFuInvGkIh9SrpE8qiACQLhSpbegKK1utaQ.jpg

Бүгін Семейдегі «Ес-Аймақ» рухани орталығында облыстық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық институттар арасында өткен «Достық-2025» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімі, Абай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Берік Уәли, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.

«Достық-2025» байқауы азаматтық қоғамды жүйелі түрде жаңғырту, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын қорытындылау мақсатында ұйымдастырылды. Шара өңірдегі этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған.

Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген аймақ басшысы этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық институттардың ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы еңбегінің ерекше екенін атап өтті.

«Дана халқымызда «Ынтымақты елге бақ қонар» деген аталы сөз бар. Ел бірлігі – елдігіміздің арқауы, тәуелсіздік тірегі! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бірлігіміз – ең басты байлығымыз» деп атап өткендей, елдік мүдде жолында бірлесіп еңбек ету – баршамыздың басты міндетіміз. Бұл ұстаным жуырда Президенттің Жарлығымен бекітілген ішкі саясат жөніндегі стратегиялық құжаттарында да жалғасын тапқан. «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» туралы Жарлықта «Бірлік пен ынтымақ – қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділіктің тұғыры саналатын құндылықтар» деп нақты айқындалды. Адал еңбек, риясыз көңілдің арқасында, сіздер татулық пен келісімнің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Соның дәлелі – бүгінгі «Достық» байқауы. Бұл – өңіріміздегі этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін құрметтеп, ынтымақ-бірлігімізді нығайтуға бағытталған маңызды шара. Тек Абай облысында ғана өткізілетін маңызды алаң десек болады. Қашан да белсенді азаматтық ұстаным, ел тыныштығы мен ұлт тұтастығын көксеген сіздердің еңбектеріңіз орасан зор!», – деді облыс әкімі. 

Іс-шара барысында «Достық-2025» байқауының жеңімпаздары «Рухани бірлік пен жалпыұлттық келісімді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін», «Қоғамдағы татулық пен өзара құрметті нығайтуға қосқан үлесі үшін», «Мәдени мұра мен дәстүрді сақтауға қосқан үлесі үшін», «Рухани келісім мен ұрпақ сабақтастығының үлгісі» номинациялары бойынша марапатталды. Сонымен қатар бірқатар этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйым өкілдеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Айта кетейік, биыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аталып өтуде.

Кеш соңында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның концерттік бағдарламасы көрермен назарына ұсынылды.

Комментарии