Каспий құбыр желісі зақымданған соң. Қазақстан Баку - Тбилиси - Джейхан бағытын кеңейтуде

125
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/K1WKx5t04jnEQmOZK2VCd3rBi6lI5T4ZGEEmECrT.jpg

 Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыру мақсатында Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры арқылы тасымал көлемін арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Reuters агенттігіне сілтеп.

Агенттік дерегінше, желтоқсан айында Қазақстан Баку – Тбилиси – Джейхан бағытымен жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтады. Бұған Каспий құбыр консорциумындағы өткізу қабілетінің қысқаруы себеп болды. Бұрын Новороссийск порты маңындағы теңіз терминалында үш айлақ жұмыс істесе, шабуыл салдарынан бір айлақ істен шығып, екіншісі жөндеуге жабылған. Қазір мұнайды тиеу тек бір ғана жұмыс істеп тұрған айлақ арқылы жүргізілуде.

Айта кетейік, 29 қараша күні таңғы сағат 04:06-да Новороссийскідегі КҚК теңіз терминалы украиналық экипажсыз катерлердің шабуылына ұшыраған. Соның салдарынан айлақ құрылғылары зақымданып, мұнай тиеу операциялары уақытша толық тоқтатылған еді. Оқыс оқиға кезінде зардап шеккендер жоқ. Апатқа қарсы автоматты жүйелер дер кезінде іске қосылып, қажетті құбыр желілері жабылды. Алдын ала мәлімет бойынша, теңізге мұнай төгілмеген.

Сол күні Қазақстан энергетика министрлігі жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.

Вице-министр Ерлан Ақбаров 4 желтоқсан күні Сенат отырысында мұнай тасымалы қазіргі уақытта тұрақты режимде жалғасып жатқанын айтты.

«Қазір бір айлақ толық жұмыс істеп тұр, ал екінші айлақты іске қосу бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнай тасымалдауға қатысты ешқандай шектеу жоқ», – деді Ерлан Ақбаров.

Залал көлемі әзірге нақты есептелмеген, тиісті бағалау жұмыстары жалғасып жатыр.

Каспий құбыр консорциумы Қазақстандағы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан мұнай экспорттауды қамтамасыз етеді. 2024 жылы терминал арқылы шамамен 63 млн тонна мұнай жөнелтілген, оның 74 пайызға жуығы шетелдік жүк жөнелтушілерге тиесілі болған.

Picture background

Комментарии