Путин мен Уиткофф 5 сағат келіссөз жүргізгенде не шешті?

625
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZKQJRb80aOnIVn4NzGgs35FqcEkaEMyHCHbJm2db.jpg

АҚШ президентінің арнайы елшісі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Украинадағы соғысты аяқтау жоспарын талқылау үшін Мәскеуге барып, Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Кездесу шамамен бес сағатқа созылып, Астана уақыты бойынша түнгі сағат 02:30-да аяқталған. Кездесу бастапқы жоспарланған уақыттан үш сағатқа кешігіп басталған.

Ресейлік БАҚ мәліметінше, Путинмен кездесуден кейін Уиткофф АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігіне барған, онда бір сағатқа жетпей болып, кейін оның ұшағы Внуково әуежайынан ұшып кеткен.

Ресей тарапынан келіссөздерге президент көмекшісі Юрий Ушаков пен РФ тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев те қатысқан.

«Әзірге аумақтық мәселе бойынша ортақ ымыраға келмедік, алайда АҚШ тарапынан бірнеше ұсыныс айтылды. Қақтығысты реттеу тұрғысынан біз жақындай да, алыстай да қойған жоқпыз. Алда үлкен жұмыс тұр»,- деді Ушаков.

Әзірге АҚШ президенті Дональд Трамп та, Украина президенті Владимир Зеленский де Кремльдегі кездесуге байланысты пікір білдірген жоқ.

Айта кетейік, Уиткофф биыл Мәскеуге осымен алтыншы рет барып отыр.

 

Комментарии