“Дөрекілігі үшін”. Көше атауы үшін дау тудырған Рудный тұрғынына айыппұл салынды

699
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0tU2VUzqz6V6FDgEEmOoVS7FBmGKRCm4kmlQc8Gv.png

Рудныйда екі көшенің атын өзгерту үшін дау туды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Centralmedia24-ке сілтеп.

Қоғамдық тыңдау барысында қала тұрғыны көше атын қазақшалауға қарсылық білдіргені туралы ақпарат тараған.

БАҚ мәліметінше, Екатерина Корчагина шенеуніктердің ұсынысына қарсы шығып, «50 лет Октября» көшесін «Достық» деп қайта атауға қарсылық білдірді. Оның сөзі жергілікті порталдарда жарияланған видеода көрініс тапқан.

«“Достық” атауын қалай болса солай қоя салдыңыздар, тек “50 лет”-ті алып тастау үшін. Ал Франко көшесін "Әлия Молдағұловаға" ауыстыруға қарсылығым жоқ. Ол — шынымен де елеулі тұлға. Бірақ оның ерлігі де қазір жоқ, сол дәуірге тиесілі. Кеңестік атаулардан бас тартқанда, оның да сол уақыттың өкілі екенін неге ескермейсіздер?», – деді Корчагина.

Тұрғын мәлімдемесінен кейін залдағы тәртіпке қатысты ескерту жасалған. Кейіннен оны залдан шығарған. БАҚ-та оның тәртіп пен регламент сақтамағаны айтылған.

Тыңдаудан кейін қала мәслихатының төрағасы Азамат Ысқақов полицияға шағым түсірген. Оның айтуынша, әйел тыңдау кезінде өзін қорлайтын сөз айтқан.

Кейін полиция Корчагинаның әрекетін әкімшілік құқықбұзушылық деп бағалады. Қостанай облысы ПД мәліметінше, ол қоғамдық тәртіпті бұзып, «дөрекі және бейәдеп сөздер пайдаланған».

«Әкімшілік сот оған 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салды», – деп хабарлады ведомство.

Осыған қарамастан, депутаттар екі көшенің атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдады.

«50 лет Октября» – «Достық» деп, Иван Франко көшесі – Алия Молдагулова есімімен аталатын болады.

Енді бұл шешімді Республикалық ономастикалық комиссия қарап, соңғы нүктені қояды.

Комментарии