Шетелдегі қазақ ғалымдарының алғашқы форумы өтті

771
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1Wxjc89f3UujGHlW3Zs1RUP9k8qZ9u2NUQRt28jO.webp

Астанада сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қоры әлемнің түрлі елінде ғылым мен инновация саласында табысты еңбек етіп жүрген 40-тан астам қазақ ғалымының алғашқы форумын ұйымдастырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жиынның мақсаты — шетелдегі отандас ғалымдардың тәжірибесін Қазақстанның ғылыми-инновациялық дамуына бағыттау.

«Отандастар» қорының президенті Данияр Қадыров форумның ашылуында сөз сөйледі.

«Біздің мақсат — Қазақстанды тек инвестициялық тартымды ел қана емес, шетелдегі қандас ғалымдар әлеуетін көрсету арқылы ғылыми тартымды мемлекет ретінде де ілгерілету», — деді.

Форум аясында медицина, аэроғарыш, жасанды интеллект, нанотехнология және басқа салалардың мамандары өз жобаларын таныстырды. Мысалы, АҚШ-тың Бостон қаласынан келген ғалым, нанотехнолог Алтынбек Мұрат QAZAQ AI жасанды интеллект платформасын жасап, әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ ғалымдарының әлеуетін елге тарту мүмкіндігін атап өтті.

Форумға қатысқан медицина ғылымдарының докторы, психиатр Құрманбек Дәуітқан Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың психикалық денсаулығы мен әйелдердің босанудан кейінгі жай-күйі мәселелерін көтерді. Ал халықаралық сарапшы Айнұр Ноғаева шетелде жүрген қазақ ғалымдарының елге оралуына және «кері көш» мәселесіне назар аударды.

Сонымен бірге, форумға Германия, Индонезия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Моңғолиядан келген ғалымдар қатысып, ғылыми байланыс пен тәжірибе алмасуды қамтамасыз етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл басқосу отандық ғалымдар мен шетелдік қандастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ірі ғылыми жобалардың негізін қояды.

Форум барысында ұсынылған ғылыми жобалар мен ұсыныстар арнайы жинаққа топтастырылып, мемлекеттік органдарға ұсыным ретінде жолданатын болады.

 

Комментарии