Заң шығарушы биліктің жиынына іш киіммен қатысу "реформаның мәні" ме?

836
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zIhXrS6xmUu6L3SNSIDtOd6xz2gBMTPfqANmPEEu.webp

Құрылыс кодексін талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырысында күтпеген жағдай орын алды. Онлайн қосылған мамандардың бірі жанында тамақ пен сусынды қойып, экранға үйдегі майкамен шыққан. Видеоны Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев жариялап, бұл жағдай өзін ыңғайсыздандырмағанын, керісінше қазіргі талқылаулардың ашықтығы туралы ойландырғанын айтады, деп хабарлайды "Адырна".

Депутаттың айтуынша, нағыз ашықтық дәл осылай көрінеді.

"Бейсенбі күні құрылыс кодексі бойынша жұмыс тобының отырысында бір қызық жайтқа көзім түсті. Талқылауға қосылып отырған мамандардың бірі – кәдімгі үй жағдайында, майкамен отыр. Қолында тамағы, жанында сусыны. Солай отырып бізді тыңдап, талқылауға қатысып отыр. Бір сәт ойланып қалдым. Бұл – тәртіпсіздік емес, қолжетімділіктің белгісі”, - дейді ол.

Депутат бұрын мұндайға ешқашан куә болмағанын, салада тәжірибесі болса да, заң талқылауына дәл осылай еркін қатысу мүмкін болмағанын мәлімдеді.

"Ал қазір біз қандай форматта жиналсақ та, кәсіби орта өкілдері дәл сол уақытта пікірін қоса алады. Кім кеңседе, кім жолда, кім үйде бәрібір. Ең бастысы қатыса алады. Бұл – Мәжілістің ашық, қолжетімді және шын мәнінде демократиялық жұмыс жүргізіп жатқандығының нақты дәлелі. Біз заңды кабинетте емес, саланың өз мамандарымен бірге ашық талқылап, айтысып, дәлелдеп жасап отырмыз. Шынымды айтсам, назар аудармай қала алмадым. Тіпті видеоға түсіріп алдым. Өйткені бұл – бүгінгі реформалардың мәнін көрсететін сәт", - деп жазды Болатбек Әлиев.

Ал желідегілердің кейбірі отырысқа қатысушыны сынаса, бірі қолдады. 

Мәжіліс – биліктің үш тармағының бірі, заң шығару органы. 

 

Комментарии