Түркия бірден 170 мың ахысқа түрігіне азаматтық берді

1295
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/aTXhUm5JsiuUU1Oj7bka9HwXnIXlFdWnR1SGuEgw.webp

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған 12 қарашада Дүниежүзілік ахысқа түріктері қауымдастығының делегациясын қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысы Анкараның ахысқа диаспорасына кең көлемде қолдау көрсетіп отырғанын айтты.

«Бүгінгі күнге дейін шамамен 170 мың ахысқа түрігіне азаматтық, ал 150 мыңнан астам адамға ұзақ мерзімді тұруға рұқсат бердік. Басқа елдерде өмір сүріп жатқан барлық бауырларымызға TİKA және Шетелдегі түріктер істері жөніндегі басқарма сынды мекемелер арқылы қолдау көрсетуді жалғастырамыз», – деді Ердоған.

Президент Анкараның ахысқа түріктерінің тарихи отанына оралу және азаматтық алу мәселесін мұқият бақылап отырғанын ерекше атап өтті.

«Біз сіздердің әділ істеріңізді екіжақты деңгейде де, сондай-ақ Еуропа кеңесі мен Түркі мемлекеттері ұйымы сияқты халықаралық алаңдарда да қорғап келеміз. Елшіліктеріміз бен бас консулдықтарымыз ахысқалық бауырларымызға қатысты барлық мәселеде әрдайым ашық», – деді Түркия басшысы.

Ердоған сонымен қатар Украинадағы соғыс салдарынан Түркияға келген шамамен 5 мың ахысқа түрігімен кездескеніне ризашылығын білдірді.

«Белгілі болғандай, біздің елге халықаралық қорған іздеп келген 2315 ахысқа түрігін уақытша Элязыг қаласына орналастырдық. Олардың ішінде 703 бауырымызды Битлис-Ахлат қаласында ТOKİ салған бірінші кезеңдегі тұрғын үйлерге орналастырдық, ал екінші кезеңнің құрылысы қарқынды жүріп жатыр»,- деді ол.

 

Комментарии