Доп

601
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/z5AFaZQzCDk2Ns3uNnBzdXOqpbZecYxZTO1saYyQ.jpg

Қалай қас қараяды, солай қуыс-қуысы құпия қамалға айналып, жыртқыштың көзіндей қанталап тұратын қараңғы аулада қызарған шылымның шоғынан иманын үйіріп өтуші еді кездейсоқ жүргіншілер... Ал негізгі көше самаладай жап-жарық болғанымен есіктері аулаға қараған бес қабатты ескі ғимараттардан, бей-берекет өскен кәрі ағаштардың саясы мол желегінен қараңғы тартып тұрар еді. Әманда солай. Міндетті түрде сыры кетіп, тот басқан, кей тұсы майысқан темір торлы шарбақпен қоршалған шағын футбол алаңдары болады – көз байланғанша допқа таласқан шамамен 8-10 жастағы жүгірмектер бір тыным таппайтын. Күйкі тірліктен күпі киген көп  күндердің бірі болатын. Оның үстіне, жаз бойы жаңбыр жауып, тек күз тақағанда ғана көз ұшындағы көкжиектен су боп аққан сағымның өзі күмістей балқитын аптап ыстық орнады. Желдеткіші жоқ, қапырық буған тар пәтерімнен аулаға шықтым. Ыстық адамды өмірден жеріндіріп, зеріктіріп, қажытып жібереді. Тас төбеден шақырайған күнге қарамай, әдеттегіше доп қуалаған көзтаныс балалар арасынан бөгде планетадан келгендей сұңғық бойлы, аққұба, футболкасы мен шортысы да, тіпті, аяғындағы кроссовкасы да ине-жіптен енді шыққандай күн нұрына шығылысып, көз жауын алған ол бірден назарымды аударды. Ол да соны сезгендей, көп қабатты үйдің кіре берісінде селтиіп тұрып қалған маған иегін сәл көтеріп, тура қарады. Қарады да еш себепсіз күлді (оның маған осы еш себепсіз күлгені ұнайтын). Мен көзімді тайдырып әкеттім. Ең бастысы – оның қолындағы бүйірі күнге шағылысып, жалт-жұлт еткен ала доп тек менің ғана емес, өзге балалардың да көз жауын алып, назарын өзіне аударған еді. Тәттіге үймелеген шыбындай шырқ үйріліп, ойынды ұмытып, ғайыптан тайып пайда болған сұңғақ бойлы, аққұба баланың жанынан шығар емес. Сол күннен бастап, аула толы балалар соның ғана қас-қабағын бағып, оған жағынып қалудың, жақындасудың қамына кірісіп кеткендей еді. Ол болмай қалған күні балалардың да ойынға құлқы болмай, тез тарқайтын. Ол ол ма, оның талғамынан шығу үшін кейбірі түсі оңып кеткен футболкаларын жаңасына ауыстырып, әбігерге түсіп еді. Олардың бұл қызығы көп ұзамай оқу жылы басталып, ұмытылуға айналған еді. Соған қарамастан балалардың дені мектептен шыға салысымен, дәлірегі, мектеп киімімен келіп, сөмкелерін алаң шетіне лақтырып тастап, ойынға кірісетін. Кей күндері аула тым-тырыс қалатын. Әсіресе, жауын жауған күні. Алаңдағы шылқылдаған қақ су кеуіп үлгермеген. Көптен көрінбей кеткен сұңғақ бойлы, аққұба баланың бүйірі күнге жылтыраған добын алаңның қақ ортасына қойып, өзі сөмкесін жастанып, сүйріктей саусағын ербеңдетіп, ауаға сурет салып, балаларды күтіп жатқанын байқадым. Тіпті, ешкім келмесе де қас қарайғанда бір-ақ қайтатын. Добын тастап кететін. Өзгенің добымен ойнағанды олжа көретін басқаларының жанында ол дүниеге байланбаған, тіпті, дос іздеп табу үшін дүниесін шашып тастайтын, ол ол ма, добын тұзақ ретінде қолданып, жемтігін аңдығандай аяғын айқастырып өзгелерін күтіп жататын. Оның жалғыздығы жаныма бататын, жаным ашып, оны көрмегенсіп әрі ойынға құлшынған түр танытып, допты ебедейсіз қақпақылдаған болдым. Мені көзінің астымен бағып бірқыдыру жатты. Жүзіктің лағыл көзіне таңғы шықтай тұнып қалған көз қарашығы есімде қашалып қалыпты. Көз қиығыммен байқап тұрмын, ол маржандай тістері ақсиып күлімсіреді. Сосын ол саусағымен мен шылым шегетін балконды нұсқап: 

–  Сіз әнеу үйде тұрасыз ғой? – деп жауабымды күтпестен тағы күлімсіреді. 

Мен де күлімсіредім. 

– Сіз доп ойнағыңыз кеп тұрған жоқ. Менің көңілімді аулап тұрсыз, - дегені кенет. Сәл абдырап, допты әуелете тептім де оған бажайлай қарадым. Ол менің ойымды оқып қойғанына жазықты жандай тағы күлімсіреді. 

– Іске сәт, балақай!- дедім де жымиып, өз жөніме кеттім. 

Сол жылы қыркүйек айы жаңбырлы болды. Екі күннің бірінде аспан түнеріп, қабарған қабағы көз жасын селдетіп барып ашылатын. Ойын қуған балалардан аракідік босап, тым-тырыс болып қалатын алаңға сұңғақ бойлы, аққұба бала кейде жауын-шашынға қарамай келетін. Іші пысса, доп тепкен болады. Кейде жанында балалар болмаған соң жалғыз ойнағаннан жалығып, топсасы босап, қисая бастаған ауладағы беседканы паналайтын.

Күздің табан астындағы тас жолға күрең жапырақтарды шиыра лақтырған жаңбыр аралас, ұйытқы соққан құйын желден ықтап, өңменіңнен өтер ызғарға ту сыртымды бергенім сол еді, күртесінің жағасын ықтап, мойнына ішіне алған оны көзім шалып қалды. Иек қағып, амандасу ишаратын жасап едім, ол оң қолымен жағасын көтеріп, сол қолын бұлғап, ол да сәлем мезіретін көрсетті. «Неге үйіне қайтпайды екен?!» деп алғаш рет қынжылыс білдірдім. Мен асыға басып, қаракүңгірт тартқан подьезге кіріп кеттім. Етек-жеңін қымтаған, еңсені басқан ойымнан беседканы қалқалаған аққұба бала кетпей қойды. Тіпті, маған сол сұрқай күндеріме шуақ шашқандай балқып батқан күнге балғын жүзін беріп, күлімсіреген бейнесі елестеп тұрып алды. Кенет... қараңғы баспалдақта бұйығып отырған марғауды қапелімді байқамай басып кете жаздадым. Мияулаған үні подьезді әлсіз жаңғыртты. Жандәрмен үстінен аттап-бұттап, жоғарыға өтіп кетпек болған әрекетімнен түк шықпады, ышқынған даусым шығып кетті – тобығымды тайдырып алғанымды сол сәтте сезбедім. Тобығымды орнына салғанымен бірер күн балдақпен жүруге тура келді. Табанымды жерге тигізсем, жіліншігім шағып, қу жаным көзіме көрінеді. Үшінші қабатқа көтерілудің өзі мұңға айналды. Амал жоқ, үйде омалып, төрт қабырғаға қамалдым да қалдым. Тек шылым шегу үшін балконға шыққаным болмаса... 

Түс ауа қапасқа қамалғандай әлсін-әлсін балконға шығып, шыңылтыр ауаны темекі түтінімен қоса қомағайлана жұтып, еңкейе бастаған күннің жалқын шапағына жүзімді бергенім сол еді, кенет, бауыры қызылға боялған шағырмақ бұлт лезде қабарып, ұшқындаған қардан төңірек өрт шалғандай әлем-жәлем күйге енді. Сол кезде барып, ауладан дабыр-дұбыр дауысты құлағым шалды (алғашында күннің шапағы жанарымды көлегейлеп байқамаған екем)... 

Түсінгенім – аққұба бала добын ата-анасынан тығылып шылым шегетін жоғары сынып жүгермектеріне добын бергісі келмеген... әлде әлімжеттік... төрт-бесеуі қаумағалағаны қанын ішіне тартып, сұп-сұр болып, допты жерге қоймас бұрын алдымен салмақтап ұстап көрді. Сосын... допты жерге түсірместен аяғымен қақпақылдап тұрып, аққұба балаға қарай бар пәрменімен тепті. Мүлт кеткен жоқ. Ту сыртын беріп үлгерген аққұба баланы ұшырып жібере жаздады. Айызы қанбағандай, допты сарт-сұрт ұрған сайын өршеленген өштікке бой алдырған бозбала өз-өзіне есеп беруден қалған еді. Ал соққыдан қорғанып, бір қырындай ту сыртын берген оның көкжиектен қып-қызыл шардың күллі дүниені шапаққа малған жалқынынан қан қызыл сұлбасын ғана ажыратып үлгердім... Бар даусым жеткен жерге шейін құлақ тұндырған айғайымнан ықты-ау деймін, мен жаққа көзін сығырайта өшпенділікпен қараған бозбала лезде табанын жалтыратты. Аққұба бала әлде күйініштен, әлде намыстан әлде шарасыздықтан жылап тұрғандай көрінді. Оны дереу астына түсіп қорған бола алмағаныма өкіндім. Мүсәпір күйіме күйіндім. Жалма-жан балдағыма жармасып, астына ұмтылдым. Әлгінде ғана әлемнің  астан-кестеңін шығарардай ойран болған футбол алаңында тірі жан жоқ... Ол добын алмапты... 

Бір қызығы, футбол алаңына осы оқиғадан соң ешкім келмейтін болды. Қайта қарғыс атқан жердей оны айналып өтетін болған. Доп қуалайтын мезгіл өткен соң ба, аққұба баланың добы көшкен жұрттың орнындай сартап тартқан алаңда ешкімге керексіз болып жетімсіреп... иесін күтіп жатқандай әсер қалдырған еді. Аққұба бала сол күйі төбе көрсетпеді. Күндердің күні оралар деген әлсіз үмітім қар қалың түскенде біржола сөнді. 

Алмат  Жалбағай

 

Комментарии
Другие материалы