Қазақстандық жас ғалым Дидар Садық Оксфорд университетінде қазақ тілі пәнінен сабақ береді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Grants.kz-ке сілтеме жасап.
Балалық шағынан қазақ тілін ерекше жақсы көрген Дидар үлкендердің әңгімесін қызыға тыңдаған. Ана тілін әлемге танытуды армандаған ол кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетін бітіріп, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағылыми қызметін бастаған.
Қазіргі таңда Дидар — Оксфорд университетінде қазақ тілін оқытатын алғашқы ұстаз. Бұл – Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесі. 2024 жылы басталған пилоттық жоба аясында қазақ тілі оқу бағдарламасына енгізілген.
Бүгінде Дидар Садық шетелдік студенттерге қазақ тілін үйретіп, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеп жүр. Оның айтуынша, тіл үйрету — жай ғана жұмыс емес, қазақ мәдениеті мен әлем арасындағы рухани көпірге айналған өмірлік миссия.