Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында әйелдер арасындағы бәсекеде Қазақстан құрамасы тұңғыш рет алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
55 келі салмақта сынға түскен Шұғыла Өмірбек финалдық белдесуде бірнеше жас санатында Еуропа чемпионы атанған түркиялық Туба Демирді 12:8 есебімен ұтып, тарихи жетістікке қол жеткізді.
Жарыс барысында қазақстандық балуан 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаэл Симонды (Молдова) 10:2, кадеттер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Александра Войчилескуді (Румыния) 3:1, ал жартылай финалда 20 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы Амори Андрихті (Германия) 2:0 есебімен ұтты.
Айта кетейік, 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан U23 әлем чемпионатында осыған дейін бірде-бір қазақстандық ару финалға дейін жетпеген еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шұғыла Өмірбекті жеңісімен құттықтады.
«Бұл – тарихи жеңіс. Өйткені еліміз мұндай халықаралық жарыста алғаш рет алтын медаль иеленіп отыр. Әр салада өзінің табандылығымен, еңбекқорлығымен табысқа жететін жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Шұғыланың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдіремін!» - деді Мемлекет басшысы
23 жасқа дейінгі жаһандық доданың тарихына көз жүгіртсек, 2023 жылы Сұлтан Әсетұлы (67 келі, грек-рим күресі) және 2024 жылы Ризабек Айтмұхан (97 келі, еркін күрес) чемпион атанған болатын.
Шұғыла Өмірбектің бұған дейінгі ең ірі жетістігі 2024 жылы Иорданияда өткен U23 Азия чемпионатындағы күміс жүлдесі еді.