Қойылым және қайраткер. Сахнадағы Абай кім?

1887
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/G22PD0pFmVJHB9N1hPSrLPUtKW6sC7jmrHs4OBhI.jpg

Абай тұлғасы, оның философиясы мен поэзиясы сан қырлы сахналық қойылымдарға арқау болып, театр өнерінің дамуына мол үлес қосты. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі театрлар Абай шығармашылығына бойлап, оның рухани мұрасын көркемдеп жеткізуге тырысуда. Абайдың театр сахнасындағы қадамы қашан басталған еді?

АЛҒАШҚЫ ҚОЙЫЛЫМ

Абайдың өмірі мен шығармашылығы алғаш рет сахна тіліне Мұхтар Әуезов пен  Л.Соболевтің бірігіп жазған «Абай» трагедиясы арқылы енді. Бұл пьеса 1940 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында алғаш рет сахналанды. 

Қоюшы режиссер — Асқар Тоқпанов. Бұл қойылымда Абайдың ішкі жан дүниесі, ел ішіндегі тартыстар, қоғамдағы әділетсіздікке қарсы күресі көркем әрі терең түрде көрсетілді. Пьеса ұлттық театр сахнасында жаңаша стиль, жаңаша мазмұн әкеліп, қазақ драматургиясының дамуына жол ашты.

ОПЕРАДАҒЫ «АБАЙ» 

Абайдың өлеңі мен ойы тек драмада ғана емес, музыкада да мәңгілікке айналды. Хәкімнің шығармашылығына арналған ең әйгілі музыкалық қойылым – «Абай» операсы. Опера алғаш рет 1944 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында сахналанды. Либретто авторы – Мұхтар Әуезов, композиторлары – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди. Бұл опера – қазақ ұлттық опера өнеріндегі алғашқы үлкен жетістіктердің бірі. Қоюшы режиссер – Қапан Бадыров. Бұл премьера – үлкен қоғамдық, мәдени оқиғаға айналды.

Операда Абай – махаббат үшін күрескен, зұлымдықпен бетпе-бет келген, халқының намысын жүрегіне байлап, күреске шыққан жан. Ол Құнанбайдың қаталдығымен күресіп, Әзімбайдың аярлығына қарсы тұрып, ел ішіндегі әділетсіздікпен арпалысты.

«Абай» операсы Парижден Мәскеуге дейінгі сахналарда шырқалып, әлемге қазақ рухын танытты.

Опера кейіннен бірнеше рет жаңартылып, әртүрлі режиссерлік интерпретацияларда қайта сахналанды. 1950-1960 жылдары Абай атындағы опера және балет театрының репертуарында тұрақты түрде қойылып тұрды.

1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай опера жаңартылған нұсқада қойылды. Бұл қойылымда заманауи сахналық технологиялар мен жаңа хореографиялық шешімдер қолданылды.

ХХІ ғасырда да опера Қазақстанның түрлі театрларында, соның ішінде Астана опера және балет театрында қойылып, халықаралық фестивальдерде көрсетілді.

1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде «Абай» операсы жоғары баға алып, режиссерлер мен орындаушылар мемлекеттік марапаттарға ие болды. Ал 2001 жылы Париждегі халықаралық фестивальде Гран-при жүлдесін жеңіп алды.

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНДАҒЫ ЖАҢА КЕЗЕҢ. «АБАЙ» СПЕКТАКЛІ 

1949 жылы 28 желтоқсанда Алматыдағы Қазақ драма театрында «Абай» спектаклі алғаш рет сахналанды. Қойылым Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде жасалып, қазақ театр өнерінде жаңа дәуірдің басталуына жол ашты.

Авторы – Шәкен Айманов пен Яков Штейн. Олар сол кездің өзінде батыл қадамға барып, сахналық қойылымда прозалық шығарманы бейімдеудің жаңа тәсілін ұсынды. Мәскеу көркем театрының тәжірибесіне сүйене отырып, роман оқиғаларын «автор атынан» байланыстыру әдісін қолданды. Бұл сахнада Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкееваның орындауында жүзеге асты. Екі әртіс сахнаның екі жағынан тұрып, көрерменге оқиғаның маңызды тұстарын жеткізіп отырды. Бұл тәсіл романның рухын жоғалтпай, сахна заңдылықтарына бейімдеуге көмектесті.

Осы қойылым қазақ театры үшін үлкен бетбұрыс болды. Ол театр сахнасында прозалық шығармаларды қоюға болатынын дәлелдеп, режиссурада жаңа жол ашты. Театр мамандарының кәсіби деңгейін арттырып, болашаққа бағыт берді.

ДӘСТҮРДЕН – ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ДЕЙІН

Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармалары қазақ сахна өнерінде әр кезеңде түрлі жанр мен формада жаңғырып отырды. Классикалық драма, музыкалық композиция, балет пен перформанс – бәрі де ұлы ойшылдың мұрасын жаңа қырынан танытуға тырысты.

Бастапқыда сахналық қойылымдар негізінен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан алынып, көрерменге Абайдың өмірі мен күресін жеткізуге бағытталды. Кейін бұл туынды әртүрлі театрларда сан түрлі интерпретациямен қайта сахналанды.

1970-1980 жылдары Алматыдағы М.Әуезов атындағы театр мен басқа да өңірлік театр сахналарында Абай тұлғасы жаңа режиссерлік шешімдермен көрініс тапты. Бұл қойылымдарда Абайдың тек ақындық келбеті емес, оның жеке өмірі, махаббат хикаясы, қоғаммен күресі, заманына қарсылығы айқын көрсетілді. Сахналық шешімдерде қазақтың ұлттық музыкасы, билері, салт-дәстүр элементтері кеңінен қолданылып, көрерменді сол дәуірдің рухына тереңірек бойлата алды.

2015 жылы Абайдың 170 жылдығына арналған «Перзент парызы» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Бұл қойылым тек сахналық туынды ғана емес, Абай шығармашылығына жасалған рухани тағзым іспеттес болды. Ақынның өлеңдері, қара сөздері мен әндері театр сахнасында хор және жеке орындаушылар арқылы жаңғырды. Қойылымда мультимедиалық технологиялар қолданылып, Абайдың бейнесі мен шығармалары визуалды түрде көрермен назарына ұсынылды. 

Кейінгі жылдары Абайды сахнаға шығаруда жаңа бағыттар пайда бола бастады. Жастар театры мен эксперименталды сахналарда Абайдың қара сөздеріне негізделген моноспектакльдер мен заманауи перформанстар ұсынылды. Мұндай қойылымдарда үлкен декорациядан гөрі қарапайымдылыққа, терең ой мен сезімге басымдық берілді. Мультимедиа, заманауи музыка мен жарық арқылы Абайдың философиялық ойлары қазіргі заман мәселелерімен байланыстырылды. Бұл тәсіл жас көрерменге Абайды жақындатудың бір жолына айналды.

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРЛАР

Абайдың есімі қазақ мәдениетінің түрлі саласында айрықша құрметке ие. Сол құрметтің бір көрінісі ретінде еліміздегі бірқатар ірі театрлар ұлы ақынның атын иеленіп, оның шығармашылығын сахна арқылы насихаттап келеді.

1934 жылы Алматыда қалалық музыка студиясы ретінде құрылған қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры – қазақ өнерінің ең көрнекті ордаларының бірі. 1937 жылы театр мәртебесін алып, 1941 жылы «академиялық» деген атаққа ие болды. Ал 1949 жылы театрға ұлы ақынның есімі берілді. Осы театр сахнасында Абайдың шығармаларына негізделген «Абай» операсы бірнеше рет жаңартылып қойылып келеді. 

Абай тақырыбына жиі оралатын тағы бір іргелі мәдени ошақ – М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры. Оның негізі 1925 жылдың соңында Қызылорда қаласында қаланып, 1926 жылы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік–Кебек» трагедиясымен ашылған болатын. Кейін Алматыға көшіп келген ұжым 1937 жылдан бастап қазіргі ғимаратында жұмыс істейді. Театр сахнасында Абай өмірі мен мұрасына арналған бірнеше қойылым қойылды. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің «Абай» және «Абай жолы» шығармаларының негізіндегі спектакльдер көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Абай бейнесін әр жылдары Сералы Қожамқұлов, Ыдырыс Ноғайбаев, Досхан Жолжақсынов сынды танымал актерлер сомдап, оның рухани биік тұлғасын көркем түрде ашып көрсетті.

Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры – қазақ мәдениетінің қара шаңырағы саналады. Театр тарихы 1917 жылы Абай шығармашылығына арналған алғашқы халықтық қойылымнан бастау алады. 1920 жылы құрылған «Ес-аймақ» өнер үйірмесі ақынның туындыларына негізделген концерттер мен спектакльдерді тұрақты түрде ұйымдастырып отырған. Ал 1934 жылы театр ресми түрде құрылып, Абай есімі берілді. Бүгінде бұл театр Абай шығармаларын насихаттау ісінде алдыңғы қатарда келеді. Мұнда «Абай» пьесасы мен оның әндеріне арналған музыкалық композициялар жиі сахналанады.

Сол сияқты Абай атындағы Шымкент облыстық қазақ драма театры да ұлы ақын мұрасын сахнада жаңғыртып жүрген өнер ордаларының бірі. Театрға Абай есімі 2002 жылы берілген. Репертуарында ақынның поэзиясы мен әндеріне, өмір жолына арналған спектакльдер мен әдеби-сазды кештер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна»

 

Комментарии