Франция президенті Эммануэль Макрон төрт күн бұрын отставкаға кеткен Себастьен Лекорнды қайтадан премьер-министр етіп тағайындады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Себастьен Лекорн — Макрон президенттігі кезеңіндегі соңғы екі жылда қызметке келген алтыншы премьер-министр. Оның қайта тағайындалуы күтпеген шешім болды.
«Мен Республика Президенті тапсырған міндетті борыш сезімімен қабылдаймын. Жыл соңына дейін Франция бюджетке ие болып, азаматтардың күнделікті өміріндегі мәселелер шешілуі үшін бар күшімді саламын», — деді Лекорн X әлеуметтік желісінде.
Euronews мәліметінше, бұл шешім Франциядағы бірнеше күндік саяси белгісіздік пен келіссөздерге нүкте қойды. Сарапшылардың айтуынша, Макронның Ұлттық жиналыста көпшілік дауысы жоқ, ал оппозиция мен өз партиясының ішіндегі сын оның саяси маневр жасау мүмкіндігін шектеп отыр.
Дағдарыс осы аптаның басында ушығып, Себастьен Лекорн жаңа министрлер кабинеті жарияланғаннан бірнеше сағат өткен соң отставкаға кеткен болатын. Бұл оқиға оппозиция өкілдерінің Макронның қызметінен кетуін немесе кезектен тыс сайлау өткізуді талап етуіне себеп болды.
Еске сала кетейік, Себастьен Лекорн 27 күн ғана қызмет атқарып, лауазымынан кеткен еді.