Жауапсыз сұрақ. Министрдің қымбат аяқ киімі көпшіліктің талқысына түсті

4342
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ICBgk9NoT6msBq73NggnNsjxPSezEHTvv7mZppik.webp

Үкімет отырысындағы брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аяқ киімінің бренді туралы журналист сұрағына жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Желіде сіздің ауылдарға Valentino брендінің аяқ киімімен баратыныңыз талқыланып жатыр. Бұл шынымен де Valentino ма? Сіз киімге қанша қаражат жұмсайсыз? Ал жедел жәрдем дәрігерлерінің киіміне қанша қаржы бөлінеді?» – деп сұрады журналист.

Алайда модератор бұл сұрақтың жеке сипатта екенін айтып, басқа сұрақ қоюын өтінді.

Өз кезегінде журналист көптеген қазақстандықтың наразылығын еске салды. Айтуынша, көпшілік жедел жәрдем дәрігерлерінің ескі, тозған киіммен жұмыс істейтінін, ал министрдің ескі шетелдік көліктің бағасындай туфли киіп жүретінін сынға алып жатыр.

Министр тарапынан ешқандай реакция болған жоқ.

Бұған дейін министрді Жезқазғанға жұмыс сапары кезінде қымбат көлікпен келгені үшін де сынға алған болатын. Ал бұл қала тұрғындары дәрігерлердің жетіспеушілігіне, ұзын-сонар кезекке және ауруханалардағы нашар жағдайға жиі шағымданады.

Айта кетейік, viled.kz сайтында Valentino туфлилерінің бағасы 700 мың теңгеден басталып, бір миллион теңгеден асады.

Комментарии