Бұқтырма ГЭС-і кімнің қанжығасына бөктерілді?

1278
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FvccNHGmDOHTLiTbYwcnHSnVobnGVWckVeWzGHaj.webp

Қазақстанның ірі энергетикалық холдингі "Самұрық-Энерго" Бұқтырма гидроэлектростанциясындағы (ГЭС) үлесін еншілес компаниясы — Qazaq Green Power PLC-ке берді, деп хабарлайды “Адырна”.

KASE (Қазақстан қор биржасы) сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, "Самұрық-Энерго" енді АО "Бұқтарма Гидроэлектростанциясы" компаниясының 96,32% акциясына тікелей иелік етпейді. Алайда холдинг бұл үлесті толықтай өзіне тиесілі Qazaq Green Power PLC компаниясына берген. Демек, "Самұрық-Энерго" жанама түрде Бұқтырма ГЭС-ін басқаруды жалғастырып отыр.

"Самұрық-Энерго" ресми түсініктемесінде бұл шешім жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) мен гидроэнергетика саласындағы активтерді бір заңды құрылымға — Qazaq Green Power PLC-ке — шоғырландыру мақсатында қабылданғанын атап өтті.

«Бұл құрылым “жасыл” энергетиканы дамытуға маманданған. Бұқтырма ГЭС-ін беру Qazaq Green Power PLC-нің жарғылық капиталын арттыру жолымен жүзеге асырылды. Осылайша, Qazaq Green Power-ға "Самұрық-Энерго" иелігіндегі 96,3% акция берілді», — делінген компания хабарламасында.

Бұған дейін, 2025 жылдың ақпан айында дәл осындай жолмен Өскеменжәне Шүлбі ГЭС-тері де Qazaq Green Power құрамына өткен болатын.

Бұқтырма ГЭС-і — Қазақстандағы екінші ірі су электр станциясы. Ол Шығыс Қазақстан облысында, Ертіс өзенінде, Бұқтырма өзенінің сағасынан төмен орналасқан. Станцияның жобалық қуаты — 675 МВт. Оның құрылысы 1953 жылы басталып, негізгі агрегаттар 1960–1966 жылдары іске қосылды.

ГЭС инфрақұрылымы еліміздегі ең үлкен су қоймасы — Бұқтарманы құрайды. Станция Ертіс каскадының жоғарғы сатысы болып саналады.

Сондай-ақ, 1997 жылдан бері ГЭС кәсіпорны «Қазмырыш» (Казцинк) компаниясына концессияға берілген. Қазіргі келісімшарт 2028 жылдың соңына дейін жарамды. 2025 жылдың ақпанында Бұқтырма ГЭС-і мүлкін ұзақ мерзімге жалға беру бойынша ірі мәміле жасалған.

Ал Qazaq Green Power PLC — 2022 жылдың қыркүйегінде құрылған және 100% "Самұрық-Энергоға” тиесілі. Компания Астана халықаралық қаржы орталығының мүшесі.

Компанияның басты мақсаттары:

1. Энергетика саласына жаңа технологиялар енгізу және жаңа қуат көздерін салуға ықпал ету;

2. Энергожүйелердің тиімділігін арттыру;

3. Қазақстандағы инвестициялық жобаларды іске асыру;

4. Электр энергетикасы саласындағы реформаларды жүзеге асыру;

5. Энергия үнемдеу және экологиялық қауіпсіздік шараларын жүргізу.

Бұған дейін, 2023 жылы Qazaq Green Power PLC-ді IPO-ға шығару 2024 жылға жоспарланған болатын. Алайда 2025 жылдың шілдесінде ҚР Премьер-Министрі компанияны ашық нарыққа шығару мерзімі 2029–2030 жылдарға шегерілгенін мәлімдеді.

Комментарии