Белгілі археолог Серік Ақылбек Түркістан облысы Отырар ауданындағы көне Серкентөбенің қиратылып жатқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Тарихи нысанды XX ғасырдың 40-жылдары археолог А.Н. Бернштам тіркеген. Ескерткіш Түркістан облысының алдын ала ескерткіштер тізіміне енгізілген. Сондай-ақ, бұл тарихи ескерткіш «Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының» қарамағында.
«Ескерткіштің шамамен 30–40 пайызы қирап үлгерді. Оның мәдени қабаттары жақын маңдағы ойыс жерді толтыру үшін пайдаланылып жатыр. Қазба үйінділерінен адам сүйектері мен керамика бұйымдарының сынықтары, тіпті бүтін шам да табылды», – деді археолог.
Ақылбектің айтуынша, «Қазақстан Республикасы. Серкентөбе. 1–8 ғғ. Ескерткіш мемлекет қарауында» деген жазуы бар тақтайша ескерткіштен 300 метр жерден табылған.
«Бұл – мемлекеттің атауы көрсетілген белгіге әдейі назар аудармау және қорғаудағы нысанды қасақана қирату. Мұны мемлекетті қорлау деп санаймын», – деді ол.
Ғалымның айтуынша, бұл жағдайға жергілікті билік бейқам қарап отыр. «Өткен жылы ескерткіштердің жағдайы туралы Отырар ауданының әкіміне хабарлағанмын. Бірақ ескерткішті сақтап қалуға ешқандай шара қолданылмады», – деді Серік Ақылбек.
Ол тарихи-мәдени мұраға жасалған мұндай әрекеттер елдің рухани құндылықтарын жоюға әкелетінін ескертті.