Ресей қоғамы Орталық Азия басшыларын марапаттады

1271
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZAfLzTnuh3ExbarTTXDnznFULDdou8aKTvhSjX1q.jpg

Лев Толстой атындағы екінші халықаралық бейбітшілік сыйлығы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке берілді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі РБК-ға сілтеме жасап.

Қорытынды дауыс беру Radisson Collection Hotel қонақүйінде өтті. Қазылар алқасының төрағасы Валерий Гергиевтің айтуынша, шешім бірауыздан қабылданған.

Бейбітшілік сыйлығы қорының баспасөз қызметі бұл марапат аталған елдердің көшбасшыларына «Орталық Азия аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор жеке үлесі үшін» берілгенін атап өтті. Еске сала кетсек, 2025 жылғы 31 наурызда Жапаров, Рахмон және Мирзиёев Тәжікстанда мемлекеттік шекаралардың түйісу нүктесі туралы шартқа қол қойған болатын.

Жеңімпаздарды таныстырған Валерий Гергиев 2024 жылы сыйлық Африка құрлығына, дәлірек айтқанда Африка одағына берілгенін еске салды.

«Бүгін біз үш елдің үш көшбасшысының еңбегін атап өтіп отырмыз. Біз әрқашан бұл мемлекеттерді Орталық Азия елдері ретінде атаймыз. Меніңше, Толстой атындағы халықаралық бейбітшілік сыйлығының лауреаттарын іздеу рухы енді жер шарындағы үлкен әрі әртүрлі өңірлерді қамти бастады», – деді ол.

Комментарии