Қазақстан парламенттік басқаруға көше ме? Депутат жауап берді

1537
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ltdx9Jez0HTm8uWCiUqbjArHpL4HY9QG7zCRyk0y.webp

Президенттің Қазақстанды бір палаталы парламентке көшіру бастамасынан кейін, Мәжіліс кулуарында журналистер депутат Айдос Сарымнан бұл парламенттік республикаға қадам емес пе деп сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Депутаттың айтуынша, бұл қадам елдің саяси жүйесінің негізін өзгертпейді.

«Бір палаталы немесе қос палаталы құрылымда болса да, Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Бізде мықты президент және ықпалды палата бар», – деді ол.

Айдос Сарымның пікірінше, қазіргі уақытта басты назарды заңнамалық базаны қайта қарауға аудару қажет. Ол биліктің сабақтастығы тәртібін заңда нақты жазып қоюдың маңыздылығын атап өтті. Мысал ретінде АҚШ тәжірибесін келтіріп, онда билік сабақтастығының 28 деңгейі заң жүзінде бекітілгенін айтты.

«Бізде кейбір мәселелер «сұр аймақта» қалып отыр. Бұл – тәуекелдер. Әскерилерде бәрі нақты: арнайы алгоритмдер жазылып қойылған. Сол секілді бізде де барлығы алдын ала анық жазылуы керек», – деді депутат.

Сондай-ақ, ол 30 жыл бұрын Конституцияда жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң қабылдау нормасы болғанын, алайда оның тек қазір жүзеге аса бастағанын еске салды. Егер мәслихаттардың өкілеттіктері күшейтілсе, олар биліктің толыққанды тармағына айнала алады деп есептейді.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында Сенатты таратып, Қазақстанды бір палаталы парламентке көшіру бастамасын көтерген еді.

Комментарии