Ауғанстандағы жер сілкінісі. Қаза тапқандар саны 1400-ден асты

1598
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vSXlxwR8yxpVAqEiKdbsy9dQEZ1HaOte0L65nK5l.webp

Ауғанстанда сейсенбі күні таңертең жойқын жер сілкінісінен кейін қаза тапқандар саны 1400-ден асты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Құтқару топтары ең қатты зардап шеккен таулы аймақтарда аман қалғандарды іздеуді жалғастырып жатыр.

Жергілікті биліктің мәліметінше, апат салдарынан 3251 адам жарақат алып, 8000-нан астам үй қираған. Көптеген тұрғындар түнді ашық аспан астында өткізуге мәжбүр болған.

Құрбандардың көбі жер сілкінісінің эпицентрі орналасқан Конар провинциясында тіркелді. Ресми өкілдер бүтіндей қираған ауылдар бар екенін айтып, қаза тапқандар саны әлі де артуы мүмкін екенін ескертті.

Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар көмек қолын созуға дайын екенін мәлімдеді. Ұлыбритания 1 млн фунт стерлинг бөлгенін жариялап, қаржы «Талибанның» қолына тимеуі үшін тек серіктестер арқылы жеткізілетінін айтты. Қытай, Үндістан және Швейцария да гуманитарлық көмек көрсетуге уәде берді. Үндістан Конарға 15 тонна азық-түлік пен мың шатыр жөнелтіп, қосымша жүк жібермек. Ал БҰҰ төтенше жағдайлар қоры (CERF) арқылы 5 млн доллар бөлді.

AFP агенттігі хабарлағандай, апат халықаралық көмек қаржыландыруы күрт қысқарған кезеңде орын алды. 2021 жылы талибтер билікке келгеннен кейін Ауғанстанның табиғи апаттарға қарсы мүмкіндіктері әлсіреген.

2025 жылдың басына дейін АҚШ негізгі донор болған, алайда Дональд Трамптың билікке оралуынан кейін көмек бағдарламаларының көбі тоқтатылды.

Еске сала кетейік, 1 қыркүйекке қараған түні Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Конар провинциясында магнитудасы 6 баллдық жер сілкінісі болған еді

Комментарии