Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы директоры Мұрат Досмұратов толық ақталды. Оның жұбайы Нұргүл Досмұратованың айтуынша, Атырау облыстық соты күйеуін толық ақтап, мемлекет атынан кешірім сұраған, деп хабарлайды “Адырна”.
2024 жылдың күзіне қарай сот Досмұратовты қызметіне салғырт қарағаны үшін кінәлі деп таныған болатын. Оған жылуалмастырғышты кепілдік бойынша тегін жөндетуге талап қоймағаны және оның орнына құны 2 млрд теңгеге жуық жаңа келісімшарт жасағаны айып ретінде тағылды. Дегенмен, қылмыстық жауапкершіліктен ол қылмыстық істің мерзімі өтіп кеткендіктен босатылған еді. Сонымен қатар, одан мемлекет пайдасына 1,9 млрд теңге шығын және 19 млн теңге мемлекеттік баж өндіру туралы шешім шығарылған.
Алайда Бас прокуратура бұл шешімге наразылық білдіріп, істі Жоғарғы сотқа жеткізді. Жоғарғы сот төменгі инстанциялардың шешімдерін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Қайта қарау кезінде прокуратура айыптаудан толықтай бас тартты. Сот Досмұратовтың бұл жағдайға өзі қызметке келмей тұрып қалыптасқан ахуалдың құрбаны болғанын мойындап, оны толық ақтап, реабилитациялау жөнінде шешім шығарды.
Айта кетейік, Досмұратов Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры қызметін 2022–2024 жылдар аралығында атқарған.