Жапаров көп әйел алу үшін қылмыстық жазаны алып тастау туралы заңға қол қойған жоқ

1974
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kgINdEG6423DaZ0NQHNUGQhldSrXzt4pqQcyhQhv.jpg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарсылықтарымен Жогорку Кенешке (Парламентке) қайта қайтарды. Бұл туралы Kabar ақпарат агенттігі жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Аталған құжатты 25 маусым күні депутаттар Нұрлан Азығалиев пен Мердербек Саққараевтың бастамасымен парламент қабылдаған болатын.

Президенттің қарсылықтары омбудсменнің, Бас прокуратураның, Дін істері және ұлтаралық қатынастар жөніндегі ұлттық агенттіктің, Ұлттық ғылым академиясының, Әділет министрлігінің және Конституциялық сот аппаратының қорытындыларына негізделгені айтылды.

Аталған құрылымдардың пікірінше, көп әйел алушылық пен қос неке үшін қылмыстық жауапкершілікті сақтау – Қырғызстанның халықаралық міндеттемелеріне сай келеді, гендерлік теңдік пен құқық үстемдігі қағидаттарына бейілділігін растайды, сондай-ақ әйелдер мен балаларды құқықтық және әлеуметтік теңсіздіктен қорғайды. Сонымен қатар бұл отбасы институтын нығайтады, ол Қырғызстан Конституциясы мен заңдарында бекітілген.

Қазіргі уақытта Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 176-бабына сәйкес, екі немесе одан да көп әйелмен бір шаңырақ астында бірге тұру – қос неке немесе көп әйел алушылық деп танылады. Бұл үшін айыппұл, қоғамдық жұмыстар немесе түзету жұмыстары түрінде жаза қарастырылған. Іс тек жәбірленуші тараптың шағымы бойынша ғана қозғалады. Ал Отбасы кодексі тек бір заңды некеге рұқсат береді.

Комментарии