27 маусым күні Ереванда өткен баспасөз мәслихатында Иранның Армениядағы елшісі Мехди Собхани Иранға қарсы кез келген қауіпке Тегеранның қатаң жауап беруге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы News.am сайтына сілтеме жасап.
«Әлем Иранмен күш көрсету тілімен сөйлесуге болмайтынын түсінді. Иран мен иран халқына қауіп төндіруге жол жоқ. Біз өлуге дайынбыз, бірақ ешқашан қысым мен қорқытуға көнбейміз. Агрессорды шабуылды тоқтатуға мәжбүрледік және иран халқының еркін әрі қарай да мойындатуға дайынбыз», – деді ол.
Әзербайжан аумағы Иранға қарсы дрондық шабуылдарда пайдаланылды деген болжамдарға қатысты елші Иранның бұл жөнінде нақты барлау мәліметтеріне ие екенін айтты. Оның сөзінше, Иран аумағына көршілес елдерден бірқатар ұшқышсыз ұшу аппараттары кірген.
«Осы себепті Иран президенті мен Әзербайжан президенті арасындағы телефон арқылы сөйлесуде біздің Президент мырза бұл мәселеге байланысты тергеу жүргізуді сұрады. Енді біз сол тергеудің нәтижелерін күтіп отырмыз», – деді Собхани.
Сонымен қатар ол Әзербайжан билігі өз аумағының Иранға қарсы қолданылуына жол бермейтінін айтқанын жеткізді. Алайда елші сионистік режимнің ешқандай ережеге бағынбайтынын және олар жағдайды пайдаланып қалуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Біздің жауымыз – сионистік режим – көрші елдің аумағын пайдалануы мүмкін. Әзербайжан бұған жол бермейтінін айтты. Бірақ бәріміз олардың қандай екенін білеміз. Сондықтан ықтималдық бар», – деді елші.
Әзербайжанда жүргізіліп жатқан тергеудің нәтижесіне байланысты Иран тарапынан қандай да бір реакция болатынын жеткізген Собхани:
«Толық ақпарат келген соң ғана нақты баға беруге болады. Қазір нақты деректер жоқ кезде қандай да бір пікір айту дұрыс емес», – деп түйіндеді.
Ондасын Уразалин вручил актюбинцам находившимся на передовой в борьбе с COVID-19 медаль «Халық алғысы»