Басты бет » Видео » Едіге Тұрсын аға туралы айтқым келеді

Едіге Тұрсын аға туралы айтқым келеді

Едіге Дәріғұлұлы аға туралы көптен бері айтқым келіп жүр еді. Мен ол кісіні өте жақын көрдім. Ол кісі өңкей жымиып жүретін. Оның қазақты тануға, қазақты танытуға қосқан үлесі ұшан теңіз. Менің пайымдауымша ол кісі КСРО билік құрған жылдары қазақ рухани-азаттық көтерілісінің алдыңғы шебінде болған тұлға.

Ағамыздың ғылымдағы ерліктері туралы басқалар жаза жатар. Мүмкін кейін өзім қалам тербермін. Басқа мәселелермен жүріп ертеңге қалдыра бергенім болмас деп Едіге ағаны еске алдым.

Бірақ толыққанды етіп, өзімнің де, көпшіліктің де көңілінен шығар мақала жазуға қазір дайын емеспін. Бірақ аруақ риза болсын деп осы жазбамды жариялауды жөн көрдім.

2005 жылдан бастап “ЕСІМДЕР – сақтардан қазақтарға дейін” атты кітап жаза бастадым. Осыдан бес-алты жыл бұрын тағдыр мені кішкентай баладай қолымнан ұстап Едіге ағаға жетектеп келді. Мен шынында да ғылымда кішкентай бала іспетті едім. Қазірде есейгенім шамалы…

Едіге ағайым менің жазған кітабымның компьтерде терген “қолжазбамады” үйіне алып кетіп қарап шықты. Содан соң профессор Әсия Мұхамбет және басқалар қатысқан жиында мен көпшілікті кітабыммен таныстырдым. Сонда Едіге ағам мен Әсия апайым және басқалар кітап тез арада жарық көруі керек деп, сол жиында отырған қалталы заматтарға өз сөздерін айтты.

Сонымен демеушілер келісіп кітабым шығатын болып керемет сезімде болдым. Қуанышта шек жоқ.

Едіге ағайыма бірде “Аға, кітап мың бет болды, жазып болдым” дедім. Мақтаныш сезімімде шек жоқ еді. Сонда Едіге ағайым: “Бердалы, сенің жұмысың енді ғана басталды” деді жымия қарап.

Бұл қалай деп мен аң-таңмын.

Баламысың деген,… ол кезде елуден асып кеткеніме біраз болған. Енді қарап тұрсам шынында да сол кісі біліп айтыпты.

Айтайын дегені менің кітабымның жағдайы емес, шықса шығар, шықпаса шықпас.

Бір күні Едіге ағама бір сый жасайын деп ойладым. Өзіне де айттым, сіздің есіміздің мағынасын жазғым келеді, дедім. Ол кісі сол әдеттегідей әдемі жымиысымен үйінен маған арнап біраз кітаптарды әкеліп берді. Сонымен ары отырып, бері отырып, өзімше жазған болып ағайыма “Аға, өкпелемеңіз есіміңіздің мағынасы “Етік” екен дедім”. Ол кісі күлді де “Жоқ, өкпелемеймін деп, мен берген қағазды бүктеп қалтасына салып алды.

Сол көзқарас әлі көз алдымда. Ол кісі әлі күнге дейін өз үйінде ғылыми жұмыстармен айналысып жатқандай көрінеді маған… Сонымен сол жазбамды осы:

ЕДІГЕ ЕСІМІНІҢ МАҒЫНАСЫ

Рухани аға, ұстаз, профессор Едіге Дәріғұлұлына 

Әр адамның өз есімінің мағынасын білгісі келетіні түсінікті. Есімдер мағынасын ажырату ғалымдардың бірінші міндеті деп қарауға да болады. Бұл өте қызығылықты болғанымен көп еңбек пен төзімділікті, терең білімділікті қажет етеді.

Мысалы «Едіге» жырының кейіпкерінің құрметіне берілетін, халық арасында кеңінен тараған Едіге есімінің мағынасына үңілейік. Бұл үшін «Едіге» жырында бас кейіпкердің есімі жайында қандай мәлімет бар екенін білуіміз шарт. Академик Рахманқұл Бердібай: «Едіге туралы тарихи аңыз-әңгіме тек қазақ қана емес Сібірді, Орталық Азияны, Еділ бойын, Солтүстік Кавказды, Қырым кеңістігін жайлаған исі түркі халықтарының көбіне мәлім болған. Жырдың Түркия, Румыния өңіріне тараған нұсқалары да көңіл аударарлық… Эпостың қазақ, ноғай, татар, башқұрт, қарақалпақ тіліндегі нұсқалары кейде толық, енді бірде үзінді түрінде жарияланып келе жатқанына да ғасырдың жүзі болды» дейді. Ғалым «Ал эпостың бас қаһарманы – Едігенің тарихи аренаға шығу себептерін Алтын Орда, Ноғай Ордасы мемлекетінің тағдырынан алшақ алып қарау мүмкін емес» дейді.

Едіге Мағауиннің жазуы бойынша Алтын Орданың тарихына қатысы бар түркілердің бәрі өзінің батыр бабасы деп есептейтін тарихи тұлға «Ордадағы билікті он бес жыл бойы өз қолында берік ұстап тұрған, сөйтіп ыдырап бара жатқан Алтын Орданы қалпына келтірген Едіге, литва-польша әскері мен Тевтон ордені рыцарларының біріккен жасағын талқандаған (1399 ж.) Едіге, орыстарды жеңген (1409 ж.) Едіге – Алтын Ордамен саяси байланысы бар мемлекеттерде жазылған шежіре-жылнамалардың бәрінде де құрметпен аталады». Жырдың жазып алынған отыздан астам нұсқасы бар.

Демек пайда болу уақытының тарихи кезеңі белгілі Едіге есімінің мағынасын білемін деген кім де болса жыр нұсқаларының бәрін қарап шығуы тиіс. Дегенмен жоғарыда аталған ұлттардың тілдерінде жарық көрген жырларға қол жеткізу оңай емес. Және сонымен қоса сол тілдерді де меңгеру керек. Бұл әрине өте оңай шаруа емес.

1927 жылы Мәскеу қаласында «Ер Едіге» жырынқазақша бастырып шығарған  атақты ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбай алғы сөзінде «Едіге батырдың әңгімесін Шоқан Уәлиханов бірінші рет 1841 жылы Аман Қарағай округіндегі «Көрлеуіт қыпшақ» табынан шыққан Жұмағұл дейтін ақынның аузынан естіпті. Осы Жұмағұлдың сөздерін тағы да заты қыпшақ Арыстанбай дейтін ақынның сөзімен салыстырып, әкесі Шыңғыс пен Шоқан екеуі 1842 жылы қағаз бетіне түсіріпті» деп жазған.

Осы басылымда Едіге есімінің пайда болуы туралы былай жазылған: «Бабатүкті шашты Әзіз баланы іздеп, Ніл дариясын қыдырды. Ніл дарияның басында, Құмкент Шәһәрінің қасында жібек орамалға ораулы жатқан баласын тауып алды. Елсіз, күнсіз жерде туды деп атын Едіге қойды да, жауырынына таңды».

Жырдың қарақалпақ нұсқасында баланы аты бұрын Рахымберді болғаны  айтылады да кейін Қиқутаз деген баламен жеті жасында асыққа бола шекісіп қалады: «Рахымберді үйіне кетеді. Сол таз қашып бара жатқанда «Ед, Ед» деп қашқан екен. Оның аты сол кезден бастап Едіге болып кетіпті».

Қазақ халық мұрасын жинауға үлкен еңбек сіңірген Әубәкір Диваевтің «Мырза Едіге батыр» нұсқасында «Баланың зат нәсілі пері. Ат-есімі Едіге еді» деп жазылған.

Мұрын жырау жырлаған «Едіге» жырында «Жылқыбай далаға шықса сыртта бір бала жылап жатыр екен, оны үйге әкеліп қараса ұл бала екен. Қатынына айтты: «Осы баланы емізіп өз балаңмен бірге бақ бұны құдай берді, бұл елден келген бала, соның үшін оның атын Едіге қоялық» – деді.

Жырдың «Мәулімнияз – Едіге» деп аталатын Нұртуған ақынның нұсқасында: «Құттықия кешкісін ойланып отырып: «Бұл баланың атын кім қойсам екен. Бір пері етегіне орап келе жатқанда сұрап алып едім. Оның бер жағында бала тоңып қала ма деп етігімнің қонышына тығып келгенмін. Бұның атын Едіге қояйын», – деді. Кейінірек «Етеге», «Едеге» деп жүріп бала Едіге атанып кетті».

Татар халқының «Идегей» эпосында Құтлықияның кішкентай баласына қауіп төнгенде Жантемір оны өзінің етігінің қонышына тығып қояды да кейін етігінің қонышынан шығарып осы оқиғаға байланысты баланың атын Идегей, қазақша айтқанда Етікей деп қояды.

Міне Едіге есімінің пайда болуының мен қараған алты түрі осы. Сонымен ғалым Шоқан мен әкесі ақындар Жұмағұл мен Арыстанбайдан жазып алған нұсқада есім Елсіз деген сөзден пайда болған десе, Мұрын жырау елден келген бала, содан Едіге атанды, дейді. Қарақалпақ ақындары таз бала қашып бара жатқанда «Ед, ед» деп қашқан содан Рахманбердінің аты Едіге болып өзгерген, дейді.

Нұртуған ақынның жырлауында баланы перінің етегіне орап келе жатқанда сұрап алынғаны, содан тоңып қалмасын деп етігінің қонышына салып алғаны туралы «Кейінірек «Етеге», «Едеге» деп жүріп бала Едіге атанып кетті» деп айтылады. Бұл мәлімет есімнің түбірі «Етек» және «Етік» сөзінен шыққанын меңзеп тұр. Менің пайымдауымша Едіге есімі тылсым күш иесі перінің етегіне оранғандықтан пайда болды деу қисынсыз сияқты. Бұдан Нұртуған ақын мен татар жырында балаға есім беру оқиғасы бірдей баяндалғаны анық көрінеді. Және Нұртуған жырау мен татар халқының жырындағы Едіге есімінің жобасы сәйкес келіп тұрғаны еш талас тудырмайды.

Сондықтан есім Етік сөзінен шыққан сияқты, дегенмен дәл солай деп нақты қорытынды шығарудан да аулақпын. Себебі есім «етек» сөзі мен қашып бара жатқан баланың «ед, ед» деп мазақтауынан пайда болуы да әбден мүмкін екенін де теріске шығаруға болмайды. Жалпы бұл есімнің мағынасын байырғы түркі заманынан іздеу керек болар. Сонымен Едіге есімінің мағынасы әлі де зерттей түсуді керек етеді деп ойлаймын.

Пайдаланылған әдебиет тізімі

Едіге. «Айқап» баспасы, Алматы, 1993.

Ер Едіге. «Ғылым» баспасы, Алматы, 1995.

Идегей. Татарское книжное издательство, Казань, 1990.

Едіге батыр. «Шега-Тас» баспаханасы, Алматы, 1999.19 шілде 2014 жыл. Алма

Әрине, бүгін жазсам, тағы да біраз ізденіп, басқа да мәліметтер табылып қосар ма едім. Білмеймін. Бірақ…

…Едіге ағам әрқашан қасымда сияқты. Бердалы, сенің жұмысың енді ғана басталды, деп жымиып тұрғандай.

Бердалы ОСПАН.

“Адырна” ұлттық порталы.

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Жанып тұрған от еді, немесе Баубек Бұлқышұлы кім еді?

Жиырмасыншы ғасыр. Ия, күні кеше ғана өткенге айналған тағы бір жүзжылдық. Жиырмасыншы ғасыр керемет тұлғаларға ...