БЕКЖАН ТҰРЫС: Жаңаөзен оқиғасына қатысты Болат Атабаев көрсеткен мінез жетпей тұр

2318
Adyrna.kz Telegram

Жаңаөзендіктердің талабы бір ғана өңірге емес, бүткіл қазаққа ортақ. Иә, Жаңаөзендегілердің мұңы кез келген қазақтың жүрегін қозғап, жанына батып тұр, әр жерден “біз біргеміз” деген сөзді көз шалып жатқаны да содан. Жаңаөзендегі күйзелген елдің күңіренісін үйде жатып күйініп тыңдаудан не өнеді?

Бірақ… Жетейін десе, жердің шалғайлығы, одан бұрын бармаққа бекінгеннің алдынан шығатын қолдан жасалған тосқауылдар кезігіп іштен булығып отырған жағдай бар. Биліктің де, тәртіп сақшыларының да қарапайым халық жағына шығатын кез жетті. Қазақ зиялылары қалың ұйқыдан қашан оянады? Дәл қазір азаматтық сөз айтып, азаматтық мінез көрсете алатын зиялылар қайда? Дәл бүгін алдыңғы Жаңаөзен оқиғасына қатысты Болат Атабаев көрсеткен мінез жетпей тұр. Жыл қазақтың мұңын айтумен басталды, тыңдар құлақ табылып, қазақтың мүддесіне шешілер оң нәтиже көруді нәсіп еткей! Кеше ғана сайланған депутаттардың үнсіздігі аз қазақтың бірін-бірі жеккөріп кетпеуіне себеп болмауы керек. Жағдай ушықса, жұдырық болып түйіліп, атқа қонатын қазақты ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды. Өйткені төзім таусылып, сабыр сарқылып барады. Оны бәрі сезіп-біліп отыр.

Жаңаөзендіктердің жалғыз емес екенін осылай жеткізгенді жөн көрдім. Азамат ретінде, Болат ағамның аруағының алдында айтпағым осы болды, әркімнің қабылдау-қабылдамауы өз еркінде.

Пікірлер