«Азат» қозғалысының Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы орны ерекше – Серік Ерғали

1027
Adyrna.kz Telegram

Елімізде құрылған «Азат» - жай ғана саяси қозғалыс емес, ең алдымен бұқаралық саяси белсенділіктің көрінісі. Оны бір сөзбен ұлттық майданда қалыптасып, өрбіген әртекті және әр алуан өңірдегі ұйымдар мен күштердің бас біріктіруі деген абзал. Бұл туралы «Азат» қозғалысының 1991-1992 жылдардағы батыс аймағы бойынша үйлестірушісі Серік Ерғали айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбеде «Ұлт мүддесін көздеген – Азат» тақырыбында облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған «Азат» қозғалысының ардагерлері, тарихшылар мен студенттер қатысты. Қозғалыстың батыс аймағы бойынша үйлестірушісі Серік Ерғалидің айтуынша, ХХ ғасырда қазақ халқы тарихында айрықша орын алатын ұлттық саяси сананың үлгісі болған екі құбылыс болды.

Оның бірі – ұлттық зиялы қауым құрған «Алаш» партиясы да, екіншісі – ғасырдың соңында қарапайым халықтың азаттыққа деген құлшынысынан туындаған «Азат» қозғалысы.

«Бұл екеуінің де мақсаты - елге азаттық әперуге ұмтылу болғанмен, тарихи мұраты (миссиясы) екі басқа болып қалыптасты. «Алаш» азаттық жолындағы қазақ халқының элиталық тұлғасы болса, «Азат» тәуелсіздік жолындағы халық қозғалысының саяси ұмтылысының сипаты еді.

«Алашты» ат төбеліндей ұлттың бас көтерер легі құрса, «Азат» қалың бұқараның қолдауымен дүниеге келді. «Алаш» халық арасында саяси ағарту мен мемлекет құру идеясын қатар ұстап ту етсе, «Азат» саяси белсенім мен мемлекетке ұлт болып ие болу мұратын қолға алды.

Тарихқа тоқталсақ, 1989 жылы 16 маусымда Маңғыстау облысында «Парасат» қоғамы жұмыс істеп тұрды. Жаңаөзен оқиғасынан кейін оған марқұм Сайын Шапағатов басшылық етті. 1990 жылғы 24 қаңтар айында Ақтөбеде құрылған «Алдаспан» клубы Алматыға да әйгілі болған ұйым еді. Сол секілді Арал қаласынан «Тамшы» Шымкентте «Бетбұрыс», Целиноградта «Тіл және мәдениет» бірлестіктері секілді жергілікті ондаған ұйымдарды атауға болады. «Алдаспан» «Азаттың» құрамына 1991 жылы сәуір айында өтті. Сайып келгенде, «Азат» қозғалысын біртекті, бірыңғай, біртұтас қоғамдық-саяси қозғалыс деуге келмейді.

Оны бір сөзбен, ұлттық майданда қалыптасып, өрбіген әртекті және әр алуан өңірдегі ұйымдар мен күштердің бас біріктіруі деген абзал», - деді Серік Ерғали.

Оның айтуынша, «Азатты» танытқан Оралдағы қыркүйек тайталасы. «Орал көтерілісінде саяси мақсат болды. Белгілі бір ұйымның және нақты топтың басшылығымен өз нәтижесіне жеткен маңызды оқиға. Бұған қазақтар да, казактар да бір жыл бұрын қамданды.

Батыс аймақтағы алты облыс бойынша үйлестіруші ретінде айтарым – Оралдағы қазақ-казак тайталасына дейін «Азат» қозғалысының бірнеше ірі іс-шарасы өтіп, жақтастарын ғана емес, жалпы электоратты өзіне қаратып үлгерген еді. 1991 жылы Ақтау қаласында митинг болып, облыстағы іргелі мәселелер көтерілді. Сонда Шевченько қаласының атауын Ақтау деп өзгерту туралы ұсыныс көтеріліп, қоғамдық шешім қабылданды.

Кейіннен бұл ресми шешімге ұласты», - деді ол. Сөйтіп қозғалыс елдегі іргелі істердің бастамашысы болды, бірқатар жетістікке жетті. Серік Ерғали ғылыми конференция кезінде Орал көтерілісінен кейін «Азат» қозғалысының мүшелер саны мен жақтаушылары 400 мыңға жеткенін айтты. Дегенмен ұлт үшін ұйысқан қозғалыстың жұмысы көп ұзамай шатқаяқтады.

«1993 жылға қарай небір субъектив және объектив себепке байланысты «Азат» қозғалысы тоқырай бастады. Басшылық жұмысында үйлесім мен бірлік пышырады», - деді Серік Ерғали.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/azat-kozgalysynyn-kazakstan-tauelsizdigi-tarihyndagy-orny-erekshe-serik-ergali_a3873452

Пікірлер