2021 жылдың 21 қарашасы «әл-Фараби күні» ретінде күнтізбегі енгізілді

4548
Adyrna.kz Telegram

Иран Ислам Республикасы Саңлақтар мұрасы қоғамының ұсынысымен 2021 жылдың 21 қарашасын (Иран күнтізбесі бойынша 1400 жыл,абан айының 30-жұлдызы) тұңғыш рет ресми түрде «әл-Фараби күні» ретінде күнтізбегі енгізілді.

Бұл туралы Саңлақтар мұрасы қоғамының президенті,доктор Хасан Булхари мырза былай деді:

«Елімізде бүкіл дүние жүзіне есімі кең таралған ғалымдар, ақындар және философтар күнін атап өту дәстүрі қалыптасқан. Яғни Хафиз күні, Фирдауси күні, Ибн Сина күні және тағы да басқа танымал тұлғалардың күні бар. Мысалы үшін шахривар айының 1-жұлдызы, яғни 21-шілде «Дәрігерлер күні» мерекесіне орай осы күн «Ибн Сина күні» деп аталады. Бірақ осы күнге дейін бүкіл Ислам әлеміне ортақ тұлға Әбу Наср әл-Фарабиге арналған күн болмады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Саңлақтар мұрасы қоғамы бүкіләлемдік философтар күні мерекесіне орайластырып осы күнді «әл-Фараби күні» деп атауды еліміздің қоғамдық мәдени кеңесіне ұсынды. Нәтижеде биылғы жылдан бастан қараша айының 21-жұлдызы «әл-Фараби күні» ретіндекүнтізбеге енгізілді».

Бүкіләлемдік философтар күні дүние жүзінде «әл-Фараби күнімен» сәйкес келіп тойлануы Иран елі үшін ғана емес бүкіл ислам әлемі үшін аса маңызды оқиға деп есептейтінін Саңлақтар мұрасы қоғамының директоры доктор Хасан Булхари мырза ерекше атап көрсетті.

Осы орайда қарашаның 21-жұлдызы күні «әл-Фараби күніне» сәйкес «Ұлы философ, Ислам философиясының негізін қалаушы, екінші ұстаз – Әбу Наср әл-Фараби» атты халықаралық конференция ұйымдастырылып әлеуметтік желілерде тікелей таратылды. Конференцияға қатысушылар мен Саңлақтар мұрасы қоғамының өкілдері бірауыздан философтардың қоғамды терең дерт пен адасушылықтан құтқаратынын айрықша атап көрсетіп, осы ойды ислам әлемінде алғаш рет Әбу Наср әл-Фарабидың айтқанына ерекше тоқталды. Олай болса, ислам әлемінің мақтанышы Әбу Наср әл-Фарабидың еңбектерін жаңа көзқараспен қайта зерттеу мен халыққа жеткізу бүгінгі таңдағы аса өзекті мәселенің біріне жатары сөзсіз.

Философиялық ойы тоқырауға ұшыраған қоғам рухани және материалды тұрғыдан тоқырауға ұшырайтынын да алғаш рет Әбу Наср әл-Фараби айтқан. Қала берді Әбу Наср әл-Фараби көтерген мәселелер сол ғасырда ғана емес, бәлкім бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғамда аса өзекті мәселе. Сондықтан да әл-Фарабидің еңбектерін қайта зерттеп бүгінгі қоғамдағы сан алуан мәселелерді шешу үшін пайдалануымыз керек.

«әл-Фараби күнін» атап өтуді ұсынған Саңлақтар мұрасы қоғамының ұстанымынша бүгінгі қоғамның әл-Фарабимен ең маңызды қарым-қатынасы – интеллектуалдық және ғылыми философияның жаңа зерттеулері саласында оның соңынан еру. Әл-Фарабидің ғылыми тазалығы, ізденімпаздығы, табандылығы, сонымен бірге оның интеллектуалдық «әдісі» заманның көкейтесті мәселелері алдында жаңа көкжиектер ашуы – Әбу Наср әл-Фарабидың ғылым саласындағы ең маңызды жетістіктері, оның ғылыми-зерттеушілік, табандылығы, сонымен қатар оның интеллектуалдық «әдісі» заманауи философтар мен зиялы қауыға терең ой тастайды.

Әбу Наср әл-Фарабидың мұрасын зерттеуге қатысты елімізде және шетелдерде атқарылып жатқан әрбір ғылыми және мәдени шара маңызды. Соның ішінде Иран елінің Әбу Наср әл-Фараби мұрасын зерттеуге және насихаттауға қосып жатқан үлесі мен жаңа зерттеулері біздің ғалымдарды бей-жай қалдырмасы анық. Әсіресе жылдар бойы Иранда қалыптасқан фарабитану саласының тәжірибесі мен ирандық фарабитанушылар көтеріп отырған мәселелер біз өмір сүретін қоғам үшін де аса өзекті.

Ғалия Әмзеқызы Қамбарбекова

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия

кафедрасының аға оқытушы, ф.ғ.к.

Пікірлер