Үкіметтің мазағы: Қарағандылық көпбалалы ана 122 теңге көлемінде АӘК алған

3698
Adyrna.kz Telegram

Қарағандылық Дариға Қазанғапова мемлекеттен 122 теңге көлемінде атаулы көмек алған. Әкімдіктің айтуынша, олар көпбалалы анаға ақшаны дұрыс берген, ешқандай қателік болмаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы orda.kz-ке сілтеме жасап.

31 арнаның хабарлауынша, Дариға Қазанғапова төрт баланың анасы ретінде мемлекеттен атаулы көмек алады. Жыл басында оған 125 мың теңге көмек берілген. Жазда Дариға жұбайымен үйде картоп егуді қолға алған. Шенеуніктер ол отбасының табысына әсер етеді деп, оларға жәрдемақы беруден бас тартқан.

Дариға мұндай шешіммен келіспей, жәрдемақы алуға қайта өтініш білдірген. Желтоқсан айында оған 122 теңге әлеуметтік көмек берілген.

Келіншек оны көріп, біраз таңырқап қалған. Ол қателік шығар деп, әлеуметтік қорғау бөліміне барған. Алайда, онда оған ешқандай қате кетпегенін айтқан.

- Одан да бермей-ақ қойғаны дұрыс еді. 122 теңгемен бізді мазақ қылғанша, сізге отказ келді деп айтса болатын еді. Енді мына 122 теңгеге бала-шағама не нан, не памперс әпере алмаймын. Үкіметтің нағыз мазағы ма, не енді бұл? - деді ашулы Дариға.

Әкімдіктегілер сома дұрыс берілгенін әлі де алға тартып отыр. Олардың айтуынша, отбасына басқа да көмек берілгендіктен, база 120 теңге есептеп берген.

- Әйелдің жолдасы еңбекпен қамту бағдарламасымен жұмысқа орналасты. Сондықтан оның жалақысы мен балаларға берілетін жөргекақысы бар. Сондай-ақ бұл отбасы екі әлеуметтік жолақы картасын қолданады. Осы себептерге байланысты 120 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Әр отбасының мүшесіне 20 теңгеден берілді, - деді Қарағанды қаласы әлеуметтік төлемдер секторының меңгерушісі Лариса Харитонова.

"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер