Мектепте үшке оқығандар да президент бола алады - Джон ХОЛТ

3117
Adyrna.kz Telegram

Джон Холт – британдық журналист, жазушы, педагог. «Бала сәтсіздігінің себептері» кітабының авторы.

«Жетістікке жеткің келсе сабағыңды беске оқы». Ата-анамыз бен мұғалімдерден күнде еститін сөзіміз осы. Бірақ сыныпта үшке оқыған досыңыз қазір табысты бизнесмен. Бес пен үштің сонда айырмашылығы бар ма? Көптің көкейінде жүрген сұрақ осы. Мектепте қойылған бағалар бақытты болуыңа себепкер бола ала ма?

Джон Холт «Бала сәтсіздігінің себептері» кітабында бұл сұрақтарға мысалдармен жауап берген.

Баға бағыңды байлай алмайды

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш қадірлі қонақ ретінде түлектердің оқу бітіру кешіне барғанда: «Үздік бітірген студенттерді шын жүрегіммен құттықтаймын! Жарайсыздар! Үшке оқыған студенттерге айтарым: Сіздер президент те бола аласыздар! Мектеп пен университеттегі алған бағаларыңыз маңызды емес. Өмір шексіз мүмкіндіктерге толы» деп студенттерге ерекше жігер берген.

Шын мәнінде, АҚШ-ты басқарған президенттердің көбі қанағаттанарлық бағаға оқыған. Олардың ішінде Джон Кеннеди мен Линдон Джонсон да бар. Саяси көшбасшылардан басқа академиялық білімі жоқ білікті кәсіпкерлер Стив Джоббс, Бил Гейтс және әлемдегі ең жас миллиардер әйел Элизабет Холмс.

Олар армандары үшін бірі Гарворд университетін, бірі Стэнфорд университетіндегі оқуын тастады. Хиппи миллионер Ричард Брэнсон да дислекциядан (оқу мен жазу қиындықтары) зардап шегіп, 15 жасында мектепке баруын доғарды.

Біліміңді бағаға тәуелді етпе

Әйгілі америкалық астрофизик Нил Деграсс Тайсон студенттерге арнаған жолдауында: «Мансап сатысына көтерілгенде сізден университетте қандай балл алғаныныңызды ешкім сұрамайды».

Өмір өзен сияқты. Оның ағысы адамдардың мінезін, тәжірибесін, қадамын шыңдайды. Табысқа жету үшін сізге керегі құмарлық, жоғары эмоционалды интеллект және жеңілістерді қабылдай алатын қасиет.

Әдетте нашар бағаға оқыған студенттердің көбі өз ортасында көшбасшы. Олар басқарудың құпияларын жетік біледі. Ешқашан бір жақты пікірді қолдамайды. Осы қасиеттері үшін үштік алып жатады.

Білім ордасы қатаң ережелерге толы. Әсіресе мұғалімдердің: «Бұл осылай болуы керек, басқасы мүмкін емес» деген пікіріне қарсылық білдіргендері үшін опық жейді.

Дегенмен нашар бағалар миллиардер болуымызға кепілдік бермейді, жақсы бағалардың да себепкер болуы екіталай. Баға – қағаздағы символ. Бастысы шешім мен нәтиже.

Біліміңізді қалауыңызбен үйлестіріңіз, табысқа жетесіз!

Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер