Салафизмді қоғамда өз орнын қалыптастырған, беделді азаматтар насихаттап жүр

2353
Adyrna.kz Telegram

Соңғы кездері әлеуметтік желіде қоғамның қатты сынына тап болған бастамаларды «керемет жоба» деп қолдайтын топ пайда болды. Айталық белгілі бір министрліктің шала-жансар реформасы сын садағына ілінсе, оны «жалдамалы жендеттер» көп ұзамай жер көкке сыйдырмай, мақтай ала жөнеледі. 

Бұл бір қарағанда қарапайым мәселе болып көрінуі мүмкін. Алайда дәл осы жағдайға көз жұма қарай беретін болсақ, болашақта оның зардабы ауыр болатын тәрізді. Өйткені біздің буын Абай Құнанбайұлының «Пайда ойлама, ар ойла» деген емес, «есектің артын жусаң да, мал тап» деген тәмсілін бірінші орынға қоятын болып алды. Жеке бас пайдасы үшін кез келген нәрсені қолдай кететін, табанды ұстанымы жоқ азаматтар қоғамға қаншалықты пайдалы немесе зиян?

Жалпы азаматтардың қарақан басының мүддесі үшін лас істерге араласуына екі нәрсе түрткі болып отырған тәрізді. Оның ең біріншісі ақша болса, екіншісі тарихтан тиісті сабақ алмау болса керек. Себебі қазіргі таңда аз жалақыға жан бағып, өмір сүру қиын болып барады.

Сондықтан да жастардың көпшілігі қосымша жұмыс ретінде «ақтау процесіне» араласып, табыс табуға тырсады. Мәселен Білім және ғылым министрлігі ұсынған реформа сын садағына ілінгенде бір топ азаматтар оны мақтап шықты. Ал зиялы қауым өкілдері аталған министрліктің бастамаларының ұлттың болашағына қатер төндіретінін айуындай ақ айтып келеді. Алайда бұған құлақ аспаған азаматтар ақша үшін «кемпірді қыздай» етіп көрсетуге тырсып бақты.

Иә, кейбір азаматтар бас пайдасы үшін амалсыздан лас әрекетке баруға мәжбүр болып отырған шығар. Десек те осы мәжбүрліктің арты итаршылыққа, ал итаршылықтың соңы ұлт мүддесін сатуға алып келетінін қаперге алмайтын сияқтымыз. Ал мұндай буын бір кезде қазақтың ұлттық мүддесін орысқа сатқан кейбір ата-бабаларымыз сияқты еш ойланбастан әрекет ете беруі мүмкін.

Себебі бізді орысқа кіріптар еткен қайраткерлер шен-шекпенге сатылып, қазаққа бодандық қамытын кигізген болатын. Ал бүгінгі тәуелсіз елдің өкілдерінің кешегі қателікті қайталап, ұлттық мүддемізді қытай мен арабқа сатып жатса таңғалмаймыз.

Жапоннан неге үлгі алмаймыз?

Әлеуметтік желідегі кейбір азаматтар тіл, жер, дін сынды өте өткір мәселеде халыққа қарсы позиция ұстанудан қорықпайды. Бұған ақшадан бұрын тарихтан тиісті сабақ алмайтындығымыз әсер ететін тәрізді. Себебі біз үшін Кенесары хан да, оны патшаға ұстап беруге жанталасқан тұлғалар да бірдей құрметті болып отыр.

Сондай-ақ бүгінде Әлихан Бөкейхан бастаған алаш арыстары мен оларды әшкерлеуде ерекше көзге түскен қазақтан шыққан коммунистер бірдей дәріптеліп жүр. Бұл Қожанасырдың «сіздікі де дұрыс, сіздікі де дұрыс» дейтін әпенділігін еске түсіреді. Әйтпесе Тәуелсіздік үшін күрескен Кенесары мен Әлихан Бөкейханның қарекетіне қарсы болған жандардың әрекетін қоғам өзі әшкереленуі керек еді.

Алайда біз «қайтқан адамның артынан жаман сөз айтуға болмайды» деп мәселені жылы жауып қойғымыз келеді. Ал шын мәнісінде ақты ақ, қараны қара деп айта алмауымыздың зардабы жер мен дін сынды өте өткір мәселеде алдымыздан жиі шығып жүр.

Мысалы жер дауы кезінде еліміздің бетке ұстар азаматтары ел-жұртты жерді шет елдіктерге сатуға үгіттеді. Сонымен қатар біз бүгінде салафизм ағымын елімізге әкеліп, оның кең таралуына себепкер болған азаматтарға да түсіністік танытып жүрміз.

Біздің осындай шамадан тыс түсіністік танытуымыз Жапонияда болған мына бір оқиғаны еске түсіреді. 1912 жылы әйгілі Титаник кемесі апатқа ұшырағанда жапон азаматы Масабуми Хосоно жанталасып жүріп ажалдан аман қалады. Алапат апаттан аман қалған азамат туралы Еуропаның БАҚ «жапонның бақытты жігіті» деп жарыса жазып, оны жер көкке сыйдырмай мақтайды.

Бір қызығы ол өз еліне келгенде одан өз отандастары тегіс теріс айналады. Себебі Европада «бақытты бала» атанған Масабуми Хосононы өз отанында осы қылығы үшін жерден алып, жерге салып, «самурайдың жанкештілікті талап ететін ескі салтын сатып кеткен опасыз, қорқақ. Мұндай арсыздыққа барғанша, кемемен бірге құрдымға кеткені дұрыс еді» деп айыптайды. Абыройынан айырылып, ұяттан жұрдай болған Хосононың өзі өмірінің соңына дейін осы бір ісіне қатты өкініп өткен көрінеді.

Біздің ойымызша жапон халқының осындай принципшілдігі күн шығыс елін әлемнің алдыңғы қатарлы елі ретінде қалыптастырып отыр. Ал біздің елімізде мұндай оқиға болса оны еш ойланбастан кешіре салар едік. Өйткені біз бұданда үлкен сатқындықты кешіріп, «Заманы солай болды ғой» деп қарап отыратын халықпыз.

Әлихан неге Радловты жақтырмады?

Принцип демекші, біз айтып отырған мәселенің ең негізгі өзегі адамның ұстанымына байланысты. Өкінішке қарай осы бір ұстанымның жоқтығы көптеген тұлғалардың репутациясын тас талқан етті. Өйткені мың күндік абырой беделден гөрі бір күндік бас пайда маңызды болып барады.

Айталық әлеуметтік желіні қоғам айнасы десек, одан бүгінде кімнің кім екенін анық көруге болады. Мысалы жыл басында Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлісу туралы Ата заңға өзгерістер енгізілетіні белгілі болды. Үкіметтің бұл шешіміне қарапайым халық қарсы бола қойған жоқ. Әйтсе де қолданыстағы Конституцияның 26 бабының 1 тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» делінген сөз біраз дау тудырды.

Себебі аталған тармақты «Әркiм заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады» деп өзгерту ұсынылды. Сондықтан да бұл бапқа қараша халықтың көпшілігі қарсылығын танытып, өз пікірін білдірді. Десек те кейбір азаматтар 26 баптың артықшылығын айтып, оның қабылдануына ерекше белсенділік көрсетті.

Алайда қоғам наразылығынан кейін бұл бапты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі алып тастады. Міне осы сәтте аталған бапты қызғыштар қорғаштағандар ләм-мим демей үнсіз қалды. Себебі олар әу баста бұл бапты қолдау керек болғаны үшін қолдаған болатын. Әйтпесе оларға екі қойым бір сом.

Әрине барлық адамның ұлттық ұстанымға берік болып, табандылық танытуы мүмкін емес. Алайда қоғам алдында жүрген азаматтардың ұятты жиыстырып қойып, итаршылықпен айналысып кетуі жақсылықтың нышаны емес. Осы ретте Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның принципшілдігін атап өткен жөн.

Мұстафа Шоқайдың жазуынша, Әлихан Бөкейхан айтулы ғалым Радловты жақтырмайтын көрінеді. Алаш арысы бұл туралы «Радлов халықтарды күшті және әлсіз деп екі топқа бөлетін. Осы арқылы ол орыстардың бізді билеп – төстеуін заңды құбылыс деп көретін» дейді.

Бір кезде Әлихан Бөкейхан Радловқа Ресейдің қатыгез саясатын және мұғажыр мекемесінің озбырлығын айтып шағынған. Оны тыңдап болған соң Радлов: «Күштілердің әлсіздерді билеп төстеуі мемлекетаралық қатынастардың табиғи заңдылығы» деп жауап қайтарған болатын. Әлихан Радловтың мына сөзіне төзе алмай шығып кеткен. Содан кейін Әлихан оның атын естісімен, тыжырынып бір түрлі жайсыз күй кешетін» деп жазады.

Әлихан Бөкейханның Радловтың атын естігенде «жайсыз күй кешуі» оның ұлттық ұстанымға беріктігін білдірсе керек. Ал ұлт көсемінің бүгінгі ұрпағы неге тиын тебенге сатылып, неге абырой беделіне нұқсан келтіріп жүр?

Салафизм фашизмнен де қауіпті

Еліміздегі ең күрделі мәселенің бірі дін проблемасы. Оны Ақтөбе мен Алматыда болған соңғы терористік акті дәлелдеп берді. Міне сол кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқыс оқиғаны салафиттік ағымды ұстанушылар жасады деп ресми мәлімдеген болатын.

Алайда соған қарамастан елімізде салафизм ағымына тиым салу мүмкін болмай тұр. Өйткені аталған ағымды жасырын, тіпті ашықтан ашық қолдайтын азаматтар арамызда баршылық.

Шын мәнісінде салафизмді қолдау Кенесары хан мен Әлихан Бөкейханға қарсы күрескен қазақтардың әрекетін еске салады. Себебі аталған ағымды елімізге алып келіп, оның кең қанат жаюуына ықпал ету Тәуелсіздікке қарсы жасалған сатқындық болып саналады.

Өкінішке қарай салафизм күннен күнге күшейіп, өз ауқымын кеңейтіп бара жатыр. Себебі қарапайым халықты айтпағанда кейбір зиялы қауым өкілдерінің өзі осы топтың қауіптілігін түсінбей отыр.

Жалпы салафизмнің салдарынан елімізде жүзге жуық адам ауыр жарақат алып, қаза тапты. Ең бірінші кезекте жапа шегіп отырған құзырлы орган қызметкерлері екені көпшілікке жасырын емес.

Алайда біз «Ақтөбе облысында 18 содырдың көзі жойылды» деген ақпаратқа «сауап» деп қарайтын тәріздіміз. Шын мәнісінде салафиттік ағымның құрсауына түскен азаматтар небәрі 1-2 жыл бұрын намазға жығылған жастар болатын. Олардың жат ағымның жетегінде кетуіне өздерінен бұрын Үкімет кінәлі емес пе?

Себебі тиісті мекеме тарапынан «мына азаматтардың уағызын тыңдауға болмайды» деген ескерту болса, олар аяғын шалыс баспас еді. Қой терісін жамылған қасқырлардың құрсауына түскен бауырларымызды айыптаудан бұрын, олардың көсемдеріне өкпе артуымыз керек емес пе? Өйткені олар жастардың салафиттік ағымға кіруіне түрткі болып, мыңдаған азаматтың обалына қалды.

Ашығын айтсақ, Сауд Арабиясының ресми діні болып саналатын салафизм Гитлердің фашизмінен де қауіпті болып отыр. Мәселен Гитлер Германияны ауыр қаржылық дағдарыстан аяқтан тұрғызса, ал ИШИМ сапындағы салафиттер елдің берекесін алып, мың жылдық өркениеттің тамырына балта шапты.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні екі ағымда қоғам үшін қауіпті. Алайда біз салафиттік ағымға үрке қарап отырған жоқпыз. Мысалы қазіргі таңда Германияда Гитлердің фашисттік идеясын насихаттаған азаматтар заң бойынша түрмеге қамалады. Ал біздің елде жат ағымның сойылын соғып жүрген азаматтар емін-еркін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бір қызығы салафиттік идеяны насихаттаушылар қоғамда өз орнын қалыптастырған, беделді азаматтар. Өкінішке қарай олар арабтың ресми дінін қазаққа таңғысы келеді.

Мұның бәрі айналып келгенде тарихтан тиісті қорытынды шығармағандығымыздың салдары. Бір кезде біздің кейбір ата-бабаларымыз қазақтың ұлттық мүддесін орысқа сатса, енді оның ұрпағы араб дәстүршілігін насихаттап әлек.



Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана

matritca.kz

Пікірлер