Қазақ күресінің бекзадалығын паш еткен турнир

599

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында Нұра деген ынтымағы ұйыған ауыл бар. Құлжа тұрассасының бойындағы осы ауылдың іргетасын қалап, керегесін кеңейткен —Есбергенұлы Сағыныш деген кісі. Тақыр жерден тау тұрғызбаса да, бақша, бауға толы ауыл салған қайраткер. Артына өшпес із қалдырып, өнегелі өмір сүрген Сағыныш Есбергенұлының есімін ауылдастары қашанда құрметтейді. Сағыныш Есбергенұлының атында қазақ күресінен жыл сайын  дәстүрлі турнир өтеді. Жеткіншек балуандардың қызыққа толы  облыстық ашық турнирі биыл да жалауын желбіретті.

2009-2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы турнирге еліміздің әр аймағынан талапты да, талантты балуан балалар қатысты.

- Мұндай жарыстардың көбірек ұйымдастырылғаны жеткіншектердің шыңдалуына орасан мүмкіндік береді. Кезінде өзіміз де осы турнирге қатысып, қанаттандық. Жарысқа жан-жақтан жиналған балуандардың белдесуін көріп көңіліміз өсті. Қазақ күресінің қанат жайып, кеңінен таралуына осындай жарыстарды жиі өткізудің тигізер септігі мол, - дейді турнирді ұйымдастыру алқасының төрағасы, Шелек ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, кикбоксингтен әлем кубогының иегері Елмұрат Қайыпжанов.

Қазақ күресі бекзада спорт. Басқа күрес түрлеріне қарағанда артықшылығы басым. Нұра ауылындағы турнирде балдырған балуандар қазақ күресінің керемет әдіс, тәсілдерін паш етіп, жарысты тамашалауға жиналған көпшілікті тәнті етті.

- Алматы облысының Құрметті азаматы Сағыныш Есбергенұлының есімін ардақтау мақсатындағы дәстүрлі  турнир келер жылы да жалғасын табады, - дейді ұйымдастырушылар.

Облыстың ашық біріншілігінде топ жарып жеңіске жеткен балуандарға С. Есбергеновтың балалары, немерелерінің арнайы тапсырыспен жасатқан медаль, диплом, бағалы сыйлықтары берілді.

Қуаныш Есімбай,

Фото Сержан Жиренбаев,

Еңбекшіқазақ ауданы,

Нұра ауылы.

Пікірлер
Редакция таңдауы