Тоқаев 1970 жылы болашаққа қандай хат жазған?

3527
Adyrna.kz Telegram

Президент Алматы қаласына жұмыс сапары аясында 1970 жылы өзі бітірген Ілияс Есенберлин атындағы №25 мектеп-гимназиясына барды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы мектеп тарихына арналған музейдің экспозициясымен танысты. Онда оқу ордасының өткені туралы түрлі архив құжаттары, белгілі түлектердің өмірбаяндары мен фотосуреттері жинақталған.

Содан кейін Президент мектеп кітапханасындағы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 1970 жылы 10 «В» сыныбының атынан өзі жазған хат көрсетілді. Бұл хат уақыт капсуласына салынып, мектеп қабырғасына қаланған екен.

«Біздің атқарған ісіміз аз емес, дегенмен әлі де жұмыс көп. Біз 10-сыныпты жақсы бітіруге уәде береміз. Институтқа түсу емтихандарын жақсы тапсыруға уәде береміз. Ал оны бітірген соң жұмыс істейміз. 2017 жылы 64-65 жасқа толған кезімізде сіздердің көздеріңізге тік қарауға ұялмайтындай болып келуге уәде береміз», – деп жазылған хатта.

Дәстүрді жалғастырған 11-сынып оқушылары Мемлекет басшысымен бірге 2050 жылға арналған хатты уақыт капсуласына салып, мектеп қабырғасына қойды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер