Аралым - айдын шалқарым!

6305
Adyrna.kz Telegram

Қоғам болған соң, танысып-білісіп, араласу қалыпты жағдай. Алдымен аты-жөнің, өмірлік статусың, жасыңнан басталған сұраулар әлбетте туып-өскен жеріңе де жетеді. Менің дүниеге келген жерім – Қызылорда облысына қарасты Арал деген қала. Осы тіркес аузымнан шыққан бетте еститіндерім – «ее, экологиялық  қала ма?», «онда қалай тұрып жатырсыңдар?», «жазда Сахара,қыста Антрактида?» деп басталады. Меніңше, бұл жалғыз менің басымдағы жай емес, — барша тұрғындардың құлағына үйреншікті дүние болып кеткені бірталайдан. Осындайда не деп жауап береріңді білмей, жалтақтап қалудан асқан ыңғайсыздық сезімі жоқ шығар. Осыны ескеріп, бұл жазбаға Арал турасында толық әрі сапалы ақпарат жазуға кірісіп кеттім.

«Тамыры жоқ ағаш, тарихы жоқ халық болмайды» деген Қабдоллов Зейнолла ағамның сөзін ту етіп, алдымен бұл өлкенің өткеніне аз-маз тоқталуды жөн санап отырмын (уйкипедия дәстүріне еліктеп). Арал қаласы — Қызылорда облысындағы аудан орталығы. Арал теңізінің солтүстік-шығысындағы Үлкен Сарышығанақ қолтығында, шөл белдемінде орналасқан. Тұрғыны 77,029 мың адам. Іргесі 1905 ж. “Алтықұдық” деп аталған кішкене қыстақ негізінде қаланған. Кеңес өкіметі орнағаннан соң жұмысшы поселкесіне, кейін қалаға айналды. Аралда да балық аулау флотилиясы, балық өңдеу комбинаты, кеме жөндеу,тігін шеберханасы жұмыс істеді. Сондай-ақ, орта мектеп, мәдениет үйі, кинотеатр, өлкетану мұражайы, аудандық аурухана, санэпидстанса, газет баспаханасы, қонақ үй, мейрамхана, қоғамдық тамақтандыру мекемелері бар. Қала тұрғындары елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады.

Арал өзінше бір құрама штат дерсің. Олай деуімнің себебі бар. Қала темір жол торабының қатысымен екіге бөлінген. Арғы бет Шанхай менен Жаңауыл,бергі бет Автобаза мен Киров. Не деген логика, иә? Барлық мемлекеттік мекемелер (кей мектептерді санамағанда), аурухана мен емхана, сауда үйлері мен вокзал Бергі бетте орналасқандықтан, бұл жақ «Город» аталып кеткен.  Сәйкесінше, арғыбеттіктерге аздап қиындау – барлық шаруаларын тындыру үшін біраз қажып, көпірден өтіп келуге тура келеді. Осы мәселені шешуге де болар еді-ау ниет болса, қолдау болса. Арғыбеттен қатынайтын қалаішілік маршрут болса, құба-құп болатыны сөзсіз.

Әлгінде құрама штат дедім ғой.Біздеде  арасында  криминалдық жағдайлар,аудан-аудандардын жігіттері бөлініп қырылысады.Берген бағам үшін жерлестерімнен кешірім өтінемін, алайда бұл — субъективті пікірім. Бөлініп жүріп бөріге таланып қалмайық. Кезінде өз жерін қорғау үшін ғана жүзге бөлінген едік. Бірақ ол кез жаугершілік заман-тын. Қажеттілік еді. Ал, қазір, Аллаға шүкір, бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымыз айқын. Соғысты қолдан жасап, берекені қашырудың бес тиынға керегі жоқ. Осының салдарынан талай қан төгіліп, небір орынсыз қателіктердің болғаны жасырын емес. «Қас қылмайды қасқыр да жолдасына».

Жаздың күндері келсеңіз қонақжай масаларымыз бар – адамды жасы мен жынысына, бойы мен келбетіне қарап бағаламайды, бәрін түгел жақсы көреді. Ыстықтадыңыз ба? Уайымдамаңыз, көліміз бар. «Жазда күнге күйген – қыста ауырмайды» дегенді басты қағида санаймыз. Сол үшін күнге еш кедергісіз күйіп, абсолютті нәтижеге жету үшін жағажайға ешбір көлеңке қоймаған ғой, шіркін! Бәрі табиғи. Кешке серуендегенді ұнатасыз ба? Әрине, болады!  Бәлкім, ауылдың қызығы да осында шығар… Енді мәдениет жағына ойысайық…

Театр жоқ. Есесіне мәдениет үйі бар. Бұрын үздіксіз болып жататын концерттер қазір өз ізін жоғалтып алғандай…

Бірақ, кітапханасына ризамын. Менің сүйікті жерім. Оқимын дегенге мүмкіндіктер алаңы дерсің құдды. Біздің өлке 99% таза қазақтардан құралған. Басқа ұлт өкілдерін кездестіруге болады, ілуде біреу, алайда, олардың өзі қазақшаға судай. Сол себептен, тіл меңгеріп, деңгейін көтерем десеңіз бізге қонаққа келіңіз. Кеңпейілді, бауырмал тұрғындар келген қонағын құт көретін, «су сұрасаң, сүт пен айран беретін» ақкөңіл жандар.

Біздің өлкеден шыққан, елге сыйлы аға-апаларымызды мақтамаймын, ол кісілермен мақтанамын. Әріден бастар болсақ, өз заманында «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би» — Әйтеке би, ұлы музыкант, күйші Нұртуған жырау, Мұрат Сыдықов, әнші Гүлнұр Оразымбетова, әнші-термеші Набат Ойнарова,Елмұра Жаңабергенова, қазақ әдебиетіне небір керемет туындылар сыйлаған Әбдіжәміл Нұрпейісов,Журналист Ирина Тен,Анна Данченко, қазақ әзілінің деңгейін көтеріп, «Жайдарманды» жарқыратып жүрген Ғалым Махамбетов, қазіргі таңда халықтың сүйіктісіне айналған «Ұлы дала баласының» жұлдыз болып жарқырауына үлесін қосқан Шынберген Сүлейменов сынды жігіттер Аралдан шыққан. Бұл қатар мұнымен шектелмек емес.

Қандай болса да, әркімнің өз туған жері – Мысыр шаһары ғой! Қазірде көк тіреген зәулім-зәулім ғимараттардың арасында жүрсем де, Аралымның көшелеріне жетпейді. Себебі, бұл аспан – менің балалық шағымның аспаны, бұл өлке – менің небір қуанышым мен қайғыма куә болған өлке. Осында менің бойым өсті, ойым өсті. Махаббат пен мейірімді, шынайылық пен қамқорлықты сезіндірген де осы жақтың адамдары. Шыны керек, кейде қаланың шуынан шаршағанда ауылыңның тыныштығын аңсайтын болдым.


Мадияр МЕҢДІБАЕВ,

“Адырна” ұлттық порталы

 

 

Пікірлер