Қазақты тазысынан айыру тегінен айырумен бірдей

3586
Adyrna.kz Telegram

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, бабамыз жеті қазынаның бірі ретінде құрметпен қараған тазыны кейбір аталарымыз итке жатқызбаған екен. Өзге итті үйдің маңына жолатпаса да, тазыны үйдің төріне шығарған.

«Өйткені, кезінде тазылар бүтін бір әулетті асыраған. Талай ауыл әуелі Құдай, сосын тазылардың арқасында аштықтан аман қалған. Тазы тақыр кедей иесін отбасымен бірге аштан өлтірмеген. Тазыны жақсы көру, оған деген құрмет қазақтың бойында әлі де бар» деп жазады мақала авторы.

Белгілі болғанындай, тазының тағдырына немқұрайды қарамайтын бірқатар азаматтар «Оңтүстік тазылары» деген қоғамдық бірлестік құрған екен. Мақала да негізінен осы бірлестік жайында. Айта кетерлігі, бірлестік құрудағы мақсат тазылар санын көбейту, тұқымын тазалау, тіркеу жағынан құжаттарын реттеу секілді жұмыстарды қамтығанымен, түпкі өзегі «қазақ өзімдікі деп санап келген тазыдан айрылып қалу қаупінің» алдын алу секілді.

«Тазыға қазір орыстар мен түріктер «құда түсіп» жатыр. Орыстар тіпті өздерінікі екенін растайтын құжаттарды қаттап, дайындап қойыпты. Түріктер де құжат бойынша ресімдеу жағынан пысықтық танытып отыр. Қазақтар келісімін берсе, Сұлтан тазы деген атпен өздеріне меншіктеп алмақ ойлары бар. Тазыны қазақ өзінің атына патенттеп алу үшін Бельгиядағы халықаралық кинологиялық федерацияға тіркету қажет. Бұл ұйым қазақтың тазысын қазақтың атына тіркеп беру үшін Қазақстанда тазының саны мыңнан асуы қажет және шежіресі жағынан 7 атасы да толық болуы тиіс. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр» депті бірлестіктің белді мүшесі Қажымұрат Күлпешов.

Мақалада қазақ тазысының ерекшеліктері, оның басқа аңшылық иттерден айырмашылығы, онымен қатысты аңыздар да айтылады. Бірлестік мүшелерін сөйлете отырып, автор қазақтың аңшылық дәстүрінің кенже қалып бара жатқан тұстарына қынжылыс білдіреді. Тазының қасиетіне тоқтала келе: «Қазақтар тазыны құны жетпес қазына деп есептеген. Ертеректе бір тазымен қыздың қалыңмалын өтеген жағдайлар да болған екен. 47 жылқыға сатылған тазылар болған» деп те қайырады. «Біз әлем қанша жерден технологиялық дамуды бастан кешірсе де өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізді ұмытпауға тиіспіз. Жадымызда сақтап қана қоймай, оны күнделікті өмірде де қолданып, ұрпақты соған қарай бейімдеп отыруымыз керек. Қазақтың тазысы, саятшылық өнері бұл да ұлттық кодымыздың бір түрі. Қазақты тазысынан айыру тегінен айырумен бірдей. Осыны ұмытпайық» деп түйіндейді автор.

 

Пікірлер