Жетісайда «Jetisai Plaza” сауда-ойын-сауық кешені салынады

35

Түркістан облысы Жетісай ауданында «JETISAI PLAZA» көп функционалды ойын-сауық кешені салынады. Аса ауқымды жобаны жүзеге асыру туралы шешім аудан әкімі Мұрат Қадырбектің «CITY DEVELOPMENT» ЖШС-нің басшысы Ерлан Нұрмағамбетовпен өткен кездесуінде жан-жақты талқыланып қабылданды.

Кездесу барысында аудан басшысы инвесторлардың ұсынысына қолдау білдіріп, жобаны жоспарға сай жүзеге асыруға ықпал ету үшін жергілікті әкімдік тарапынан тиісті көмектер көрсетілетінін жеткізді.

«Бұл жобаны іске асыру біздің ауданымыз үшін өте тиімді болмақ. Біріншіден, 1300-ге жуық жергілікті азамат тұрақты жұмысқа орналасады. Екіншіден, кәсіпкерлеріміздің арасында бәсекеге қабілетті орта қалыптасады. Үшіншіден, жергілікті бюджетке қомақты салық түседі. Бұдан бөлек, тұрғындардың бос уақыттарын көңілді өткізулеріне жақсы жағдай жасалады. Бір сөзбен айтқанда ауданның жан-жақты әсіресе экономикалық тұрғыдан дамуына серпін береді», – деді аудан басшысы М.Болатұлы.

Жобаның жалпы құны 8,5 млрд. теңге. Француз архитекторы Марио Бартилланың 2 қабаттан тұратын сәулетті жобасының аумағы 25 200 шаршы метр болмақ. Онда 1000 көлікке арналған автотұрақ, заманауи аквапарк, балаларға арналған ойын-сауық орталықтары мен спорт алаңшалары қарастырылған.

Сондай-ақ, ғимаратта кинотеатр, асханалар мен мейрамханалар, отандық және шетелдік бренд тауар өндірушілері ұсынған өнімдерге арналған сауда нүктелері, тұрмыстық техникалар сататын дүкендермен қамтылмақ. Одан бөлек, орталықтың жанынан 14 көпқабатты тұрғын үй бой көтеретін болады.

«JETISAI PLAZA» көп функционалды сауда-ойын-сауық кешенінің құрылыс жұмыстары 2022 жылдың мамыр айында басталып, 2023 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, бұл еліміздегі аудан орталығында салынғалы тұрған ең алғашқы кешен.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы