Аймағамбетов жұмыс бабымен Ақтөбе облысына барды

2656
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысына 28 қазанда, жұмыс сапарымен ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов келді.

Жұмыс сапары кезінде министр өңірдегі «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының жүзеге асырылуымен танысады.

Министр мен облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің жұмыс сапары 2020 жылы ашылған Aqbobek халықаралық жеке мектебінен басталды. Қазіргі таңда мұнда 500-дей бала біліп алып, алпысқа жуық мұғалім еңбек етеді, олардың қатарында "Болашақ" бағдарламасының түлектері де бар.

Ұстаздар қауымымен тілдескен Асхат Аймағамбетов мектептің кітапхана қорын  әлем әдебиетінің қазақ тіліндегі туындыларымен толықтыруды, мұғалімдердің біліктілігін үнемі көтеріп тұруға көңіл бөлуді ұсынды.

Қызметтік сапар  № 51 мектепте жалғасып, министр оқу процесімен танысты, қаланың мұғалімдерімен кездесіп, олармен өзекті сұрақтарды талқылады.

Кездесу барысында білім саласындағы жетістіктер мен инновацияларға, мұғалімдердің тұлғалық біліктілігін көтеруге, мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және т.б. қатысты тақырыптар қозғалды.

Бұдан өзге, арнайы орта білімді дамыту туралы әңгіме қозғалды.

"Биыл "Жас маман" жобасы аясында өңірдегі жеті колледж модернизацияланып жатыр. Сондай-ақ, келер жылдан-ақ колледждерде неғұрлым сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа мамандықтарды ашып, "қажет емес" мамандықтарды жабу үшін еңбек нарығы жақсылап сарапталуда. Қазір мынадай жағдай: ірі өндіріс кәсіпорындарда еңбекақысы мен әлеуметтік пакеті жақсы 500-ге жуық бос жұмыс орны бар. Жұмысқа орналасқысы келетіндер бар, бірақ тиісті білімі мен біліктілігі жоқ. Осының орнын толтыруымыз керек",- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Министр Ақтөбе облысы білім саласын қаржыландыруда, мемлекеттік-жеке серіктестік қағидасындағы мектептер салуда, ұстаздар мен оқушыларды қолдауда және т.б. көшбасындағы өңірлердің қатарында екенін атап өтті.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер