Қазақ хандығының құрылу тарихын Керей, Жәнібек хандар мен Әбілхайыр ханның арасындағы араздықпен шектеуге болмайды. ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Атырауда өтіп жатқан "Ұлық ұлыс — Алтын Орда" атты халықаралық конференцияда осындай пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Egemen.kz-"ке сілтеме жасап.
"Алтын Орда — тамыры терең тарихымыздың бір парағы ғана емес, бұл – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі. Біз сан түрлі ұлыстар мен ру-тайпалардан құралған Ұлық ұлыстың қазанында қайнап, жеке ұлт болып қалыптастық, дербес хандық құрдық. Бұған тарихпен әсіре мақтану деп емес, генетиктер дәлелдеген дерек деп қараған жөн. Оған қоса Жошы Ұлысы – дала мемлекеттілігінің архетипі, бастау бұлағы. 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығының құрылу себебін Әбілқайырға көңілі толмаған 200 мың халықтың үдере көшкені деп қана қарастыруға болмайды. Қандай күшті болса да, өкпе мен реніш мемлекет құраушы идея бола алмайды", — деді Дәурен Абаев.
Сондай-ақ ол алғашқы қазақ хандарының түпкі ойы – Алтын Орда жобасын қайта жаңғыртып, Жошы ұлысының аумағын, онда тұратын халықты біріктіру болғанын еске салды.
"Жылдар өте бұл жобаны ұлы хандарымыздың бірі – Қасым хан жүзеге асырды. Ол Орынбордан Мауреннахрға дейінгі алып аймақты бағындырып, билік жүргізді. Елбасы 2014 жылы Ұлытаудың төрінде берген сұхбатында Алтын Ордадан Қазақ хандығына дейінгі сабақтастық желісін айқындап бергені бекер емес. Бұл идеяны Шоқан Уәлихановтың қазақтар өздерін алтынордалықтардың ұрпағы санап, құрметтейді деген сөзі де қуаттай түседі. Яғни бұл бұрыннан белгілі деректер, талас тудырмайтын айғақтар. Сан ғасыр өтсе де, Алтын Орданың мәні мен маңызының халқымыздың санасында берік сақталуы сондықтан. Әз-Жәнібек, Едіге, Тоқтамыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер туралы жыр-дастандар төл фольклорымыздың ажырамас бөлігі", — деді Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.
Оның сөзінше, Кенесары Қасымұлына дейінгі қазақ билеушілерінің бәрі де Жошы ханнан тарайды.
"Жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласын Ұлы далада әсем шаһарлар салған Ұлық Ұлыс билеушілері ғұрпының жалғасы деуге болады", — деді Дәурен Абаев.
"Адырна" ұлттық порталы