Тәуелсіздік - ел ертеңі

527

Тақта-тақта тарихы бар текті елдің ұрпағымыз.

Ұлт жөніне келер болсақ айтарым көп, жазарым мол.

Кешегі сақпенен ғұннан сақталған саралы жол көкірек көзімде әлі сайрап жатыр. Қазір бізге өткен рухнаятқа рухымызбен сапар шегу оңай, ал сол жолдың қажырлы қайреткелері, табанды тұлғалары, өз алдына болмысы ше? Аласапыран заманның алапатына, тарау-тарау тарихи төңкерістерге, үзік-үзік үдерістерге көкірегін тосып, құрбан болған кім? Әрине сол өз заманының қайраткерлері! Жалқының емес жалпының құндылығы үшін жанын пида еткендер. Не істесем елім көгереді, не істесем ұлтқа пайдам тиеді деген өрелі мүддемен жанкештілік танытқан жандар. Сөз басында қаузаған өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын деген сауалдын айқын жауабы осы. Елдің қарыштап дамуы үшін айғай мен ойбайдың керегі жоқ! Әр бір адам барлық құндылықты өзінен бастаса жеткілікті. Қарапайым қағидаларды сақтаудың өзімен дамудың түрлі сатысына шығуға болады.

Ұлан-ғайыр атырапты мекендеген көк бөрі іспеттес батыр халықтың ұрпағымыз. Қанымызда қызулық ойнап, жігеріміз жолбарыс жонын тітірететін тұғырлық бар. Түркінің ұрпағы болып, алып мемлекеттерді алдыға салып, салық алып, қарамақта ұстаған елміз. Батырларымыз жалғызы жүзге татитын, тау көтерер толағайлар еді. Ғалымдарымыз ғаламды еріксіз мойындатып, ілімнің шалқар көгіне төскейлеген еді. Міне уақыт сырғып, ғасыр жылжып жаңа заманның адамдарына айналып, тәуелсіздіктің шуақты таңын қарсы алып жүрміз. Халқымыздың тілімен діні, салты мен ғұрпы - ақ біздің қандай текті ел екенімізді көрсетеді. Жаңашылдықпен жаңғырған елімізге Алаш қайраткері Әлихан атамыздың "Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды" деген қанатты сөздері бар. Білімділікпен құқық қорғап, әлем тенденцияларымен теңесу біз үшін өте маңызды.

Қазіргі таңда елімізде он тоғыз миллионға жуық адам бар. Ешкімді бөліп жармай, барлығы қазақ деген ұғымның қара қазанында көппен бірге қайнап жүр деп есептеймін. Болашағымыз іспетті жастарымыз келелі білім алып, арзанға жүгірмей, ұлттың қамын ойласа, үлкендеріміз елдің алдын тосып, жастарымызға жігер берсе бәрі тамаша болатынына күмән жоқ! Әр адам өз алдына жеке мемлекет. Даму, өсу-өнуі тек қана өзінен басталады. Мысалы ежелгі қытай, грек, философиясында адамды космостың бір бөлшегі ретінде қарастырды. Қытай философы Конфуций өз әлемінің түп қазығы етіп адамсүйгіштік мәселесін алды. Адам қоғамның бір бөлшегі, және мемлекет адамнан құралатынын жақсы ескеруіміз қажет.

Еліміздің экономикасы, ауыл шарушылығы, нарық пен бизнес салалары, туризм тұрғысында да айтар дүние көп. Барлық өнімдерді өзімізден өндіріп, айналымға шығарып, нарыққа ұсынып бизнес көзіне қалыптасыру арқылы бақуаттты бола аламыз. Көз қиыры жетпейтін сайын даламызды, жазира мекенімізді, асқар таулар мен мың құлпырған қырқаларымызды көрсету арқылы да абырой жинаймыз. Бізге шетелдік қонақтардың да лебізі абырой әкеледі. Әлемнің кез келген кереметі біздің елде кездеседі оған дау жоқ. Мен өскен жаңа заманның жастары, қатарластарым әлі де бұл кереметтерді игеретін болады. Әлеуметтік желілерде резонанс тудырып, бір күнде "мен туымды мақтан етемін" деген ұрандар қаптап кеткені бәрімізге белгілі. Алайда Борат атты сайқымазақтың қара юморы шегінен шыққанымен еліміздің жастарына үлкен ой салды. Осы орайда біріккен агенттіктер  құрама жасап, Қазақастанның керемет жерлерін шетелдіктерге көрсету үшін керемет дүниелер жасады. Шетелден туристер тартып, қызуқанды жастарымыз бабалар жолын қуып қолына қылыш алмай, таспен атқанды аспен атып, ұлылардың ұрпағы екенімізді ұмыт қалдырмадық.

Қорыта айтқанда, әрбір адам мен, сен ол, қоғамның бір бөлшегі, мемлекеттің айнасымыз. Біз қаузаған жоғарыдағы санаулы құндылық даму жолының алғышарты ғана, айтылатын істелетін дүние көп. Барлық даму құндылығы өзімізден басталады. Біз өз елімнің гүлденуі үшін, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болуы үшін барлығын өзімнен бастауымыз қажет. Мағжан сенген жастардың бірі- БІЗБІЗ. Сондықтан бұл сенімді ақтамауым бабалар рухына қара таңба, атымызға сын.

 

Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторы

М.М. Аймағамбетова,

Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы

А.С. Аушенова

Пікірлер
Редакция таңдауы