Гүлшат ТҮСІП: Ғылымды тезірек қазақыландыруымыз қажет

4805
Adyrna.kz Telegram

Гүлшат Түсіп – қазақ тіліндегі аударма саласының дамуына зор үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі, екі мәрте «Болашақ» стипендиясының иегері. Ол 2019 жылдан бері Ұлыбританияның Абердин университетінде «Аударма ісі» мамандығы бойынша докторантурада білім алады. Бүгінде филология ғылымдарының кандидаты О.Уайльд, С.Моэм, Л.Лессиг, Д.Ганжи сынды атақты тұлғалардың еңбектерін ана тілімізге аударып үлгерген. Порталымыздың тілшісі ғалыммен тілдесіп, сұқбат құрды.

–  Гүлшат ханым, бір емес, бірнеше шетелдік ЖОО-да тәжірибе жинап, білім алдыңыз. Осы жылдар аралығында не түйдіңіз? Сіз тәлім алған университеттердің қазақстандық ЖОО-лардан негізгі айырмашылығы қандай екен?

Шетелде студенттердің оқуына барлық жағдай жасалған

–  Англияның Лидс университетінде оқып, «Халықаралық білім саласындағы көшбасшылық және саясат» бағдарламасын магистр біліктілігі бойынша бітірдім. Сол кезде Қазақстан ЖОО-ларына Болон процесінің енуін зерттеген болатынмын. Болон процесі – бірнеше Еуропа елінің бірыңғайланған және жүйеленген стандарттар жүйесі. Жаһандану үрдісінің көрінісі осы келісімге қол қойған барлық ЖОО-дан талап етіледі. Оның маңызды аспектілеріне кредиттік оқу технологиясы мен академиялық ұтқырлық (мобильділік) кіреді. Осылар арқылы ЖОО-лар халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі деп күтіледі. Біз Болон декларациясына алдымен бақылаушы болдық және осы жылдары ЖОО саласындағы Білім туралы заңнамамызды Болон процесінің талаптарына сәйкестендірдік. Содан кейінгі кезеңде Болон процесіне мүшелікке өтіп, декларацияға қол қойдық. Демек, біздің жоғары білім беру жүйесінің сапасы еуропалық білім стандарттарына сай, дипломдарымыз бен білім деңгейіміз солармен пара-пар дегенді білдіреді. Бұның барлығы, әрине, қағаз жүзінде. Шын мәнінде, Болон процесінің мүшесі болып есептелетін батыстың алдыңғы қатарлы университеті мен Қазақстанның университетінің білім деңгейі сәйкес емес. Бұның себептері бірнешеу: біріншіден, батыс университеттері кредит санын есептегенде, оған адамның жұмысқа қабілетті физикалық уақыт көлемін және белгілі бір тақырып немесе пәнді түпкілікті меңгеруге кететін реалды уақытты негізге алады. Мысалы, студент дискурс теориясын меңгеру үшін ұсынылатын кітап саны мен олардың көлемін 8 сағаттық (аптасына 5 күн) жұмыс күнінде орташа жылдамдықпен оқығанда қанша уақыт кететіні есепке алынады және сол уақытты кітапханада өткізуіне жағдай жасалады. Кітапхана барынша ыңғайлы етіп жабдықталған. Атап айтсақ, жеке отырып дайындалатын бөлмелер, ортақ бөлмелер, топ болып жұмыс жасауға арналған бөлмелер бар. Олардың барлығы техниканың соңғы нұсқаларымен қамтамасыз етілген. Жиһаздар да үйіңдегідей жайлы, дене ерекшелігіне сайланып қойылған. Тегін әрі супер жылдам интернет желілерімен жабдықталған, кітапхананың астыңғы бөлігінде бірнеше баға деңгейін ұсына алатын кафелер мен асханалар орналастырылған, сыртта машина, велосипед қоятын жер қарастырылған. Кітапты алу, өткізу, оларды іздеу жүйесінің барлығы электронды және автоматтандырылған. Университеттер әлемнің ең ірі және салмақты ғылым мен білім базаларына қолжетімділік ашып қойған. Тақырыпты жазсаң болғаны, әдебиеттер тізімін жасап беретін, жазып жатқан дүниеңнің тізімін тізіп беретін сервистерді сатып алып, қолжетімді еткен. Кітапханалар аптасына 7 күн, 12 сағаттан істейді. Ал сессия өтетін уақыттан  1 ай бұрын және сессия кезеңі аяқталғанша 24 сағат жұмыс істейді.

Пәнді өту кезінде кітаптарды оқып, меңгеруге кеткен уақытты есептеп алған соң қалған уақытқа аптасына орташа есеппен 2 реттен дәріс сабақтары мен арасында мұғаліммен жеке консультацияларын есептейді. Осылардың барлығын жиып, бір кредиттің қанша сағаттан тұратынын айқындайды. Бұл реалды өмір талаптарына сәйкестендірілген кредит саны. Соңында студенттен сапалы эссе жазу сұралады. Оны оқытушы 1-1,5 ай тексеріп оқиды, өзінің пікірін жазып, бағасын қояды. Эссені бағалау критерийлерінде бірнеше аспекті бар: плагиатқа тексеру, стилін, академиялық сауаттылығын, сыни пайымын тексеру. Яғни берілген кітаптарды оқыды ма, жоқ па, нәтижесінде өзінің пікірін қалыптастырды ма, соны бағамдайды. Осылардың әрқайсын шкала бойынша бағалап болған соң ортақ бағасын шығарып, студентке жібереді. Бұл тексеруге кеткен уақыт мұғалімнің жұмыс уақыты деп есептеліп, ақшасы төленеді.

Қазақстандағы жоғары білім беру саласында ғылыми дәрежесі бар мамандар тапшы

– Ал бізде кредит саны мүлдем басқаша есептеледі. Онда студенттің кітап оқып үлгеруіне, материалды меңгеруіне қажетті уақыт мүлдем қарастырылмаған. Кредит саны ЖОО оқытушыларының жүктемесімен есептеледі. Мысалы, оқытушының жылдық жүктемесі 700 сағат болса (Қазақстанда жүктеме 600-800 сағат аралығында), бұл тек оқытушының аудиторияда өткізуі тиіс сағатының саны, одан бөлек, кейбір ЖОО-лар штаттағы оқытушылардың таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін офисте болуын талап етеді. Сонымен осы 700 сағат жүктемені толтыру үшін барлық курсқа оның сабақтары кіргізіледі немесе оқытушыға тағы бірнеше пәнді жүргізуге тура келеді, себебі жүктеме толуы тиіс, әйтпесе жалақы аз болады. Негізі Болон процесі бойынша студент өзіне керек пәндерді кеңес берушімен (эдвайзер) бірге отырып, жеке оқу бағдарламасын жасағанда өзі таңдап алуы тиіс. Бұл Болон процесінің талабы. Батыс университеттері осылай жұмыс істейді. Ал бізде студенттен ештеңе сұралмайды, оған керек болсын, болмасын жеке оқу жоспарына пәндерді енгізіп қояды, себебе ол сол пән оқытушысының жүктемесін толтыруға қажет. Егер оқытушы жүктемесі толмай қалса, оқытушы аз жалақыға келіспесе, ол жұмыстан кетіп қалуы мүмкін. Ал бұл екінші мәселеге апарып соқтырады. Айталық, жүктемесі толмай, жалақысы азайып қалған оқытушының ғылыми дәрежесі болса, оны ЖОО, әсіресе аймақтық ЖОО жібергісі келмейді, өйткені Қазақстандағы жоғары білім беру саласында ғылыми дәрежесі бар мамандар тапшы. Сонымен қатар, заңға сәйкес, университеттер лицензиясын ұстап тұруы және жұмысын жалғастыруы үшін оқытушыларының кем дегенде  50% ғылыми дәрежесі бар оқытушылар болуы тиіс. Сондықтан ЖОО оқытушыны жібермейді де, әрі оның пәндерін барлық курсқа енгізуге тырысады немесе оған қосымша жаңа пәндер береді. Мұның бәрі студенттің сабақтар санын көбейтеді. Қазақстандық ЖОО-да студент күніне 5-6 сағатын аудиториялық сабақтарда өткізеді. Қалған 1-2 сағат тамақтануы мен жолына кетті деп есептегенде, жұмыс күні аяқталды деген сөз. Демек, студенттің өздігінен ізденуіне, кітап оқуына уақыт қарастырылмаған. Бұл нағыз кеңестік жүйе қалыптастырған білім беру стилі. Екіншіден, кітапханалар дұрыс жабдықталмаған, үшіншіден олардағы кітап қоры жақсы емес, төртіншіден, ешқандай әлемдік ғылыми базаларға қолжетімділік қарастырылмаған. Мен қазір барлық ЖОО туралы айтып отырғаным жоқ, арасында бірнеше қаржы жағынан қамтамасыз етілген университет барынша батыстық стандарттармен жұмыс жасауға тырысады, әрине. Десе де, көпшілік ЖОО-ның жағдайы осы. Студент қандай да бір пән аясында немесе құбылыс туралы өзі ізденбейді, іздену, сыни пайым қалыптастыруды білмей шығады. Есесіне, оған бәрі тек оқытушы тарапынан айтылып беріледі, болды. Бұл жалпы білім алу процесінің қағидаттарына қарсы. ЖОО-да білімді бермейді, білімді студент өзі алуы тиіс. Ол үшін іздену керек. Ал ізденуге уақыт қарастырылуы қажет.

Қағаз жүзінде бәрі тамаша..

–  Қазір Қазақстандағы ЖОО-ларға автономдық статус беріліп, жалақы, оқытушы мен кредит санына байланысты олқылықтарды түзетуге мүмкіндік берілді. Алайда, осы олқылықтарды олар түзетіп жатыр ма, жоқ па белгісіз. Өйткені қағаз жүзінде бәрі тамаша, ал іске келгенде жағдайдың қандай екенін зерттеу қажет. Бұл жерде батыстық жоғары білім беру жүйесімен отандық жоғары білім беру жүйесі арасындағы бір ғана аспекті талқылап отырмыз. Бұдан бөлек, академиялық ұтқырлықты енгізу саясатында қаншама қателіктер бар..

  «Дориан Грейдің портреті», «Еркін мәдениет», «Интеллектуалдық меншік құқығы» сынды шетел туындыларын қазақ тіліне аудардыңыз. Бұл салаға қалай келдіңіз?

–   Менің алғашқы мамандығым – аудармашы. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Аударма ісі және салыстырмалы әдебиеттану» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура және аспирантурасын бітіргенмін. Сондықтан, аударманы үнемі жасаймын. Алғашқы аудармам 2-курста оқып жүрген кезімде жарық көрді. Ағылшын тілінен Сомерсет Моэмнің әңгімесін аударып, оны «Қазақ әдебиеті» газеті жарыққа шығарған болатын. Аударма арқылы қосымша білім алып, табыс табамын. Сонымен қатар, соңғы кездері өз тіліңе білім-ғылым, ақпарат әкелу жолы ретінде қарастырамын, сондықтан, аударма туралы ұсыныстар түскен кезде, оның біз үшін маңыздылығына мән беремін, содан соң барып, ақысы мен қиындығына талдау жасаймын.

–   Батыс теорияларын қазақ тіліне аударудың маңызын атап өте аласыз ба?

–    Кеңес үкіметі құлаған соң ондағы гуманитарлық ғылым салалары, оның ішінде экономика, әлеуметтану, философия, тарих салаларындағы пәндердің ғылыми негіздерден ада екені белгілі болды. Батыс академиялық ортасында, тіпті, ««black» and «blank disciplines», яғни «қара»және «бос пәндер» деген термин де пайда болды. «Қара» дегені – ленинизм мен сталинизм теорияларын меңзегендері, ал «бос» дегені – ішіндегі қағидаттарының бәрі ойдан құрастырылған, іске жарамсыз деген мағынада. Бұлардағы жасанды негіз сталинизм мен ленинизм болды. Қолдан жасалған жасанды теориялар әшкереленді. Кеңес үкіметі ғалымдары олардың негізі әлемге әйгілі және әлеуетті теория Марксизмнен алынды деп дабыралатқанымен, шын мәнінде, гуманизмге жақын, рационалды экономика қағидаттарына негізделген марксизм мен авторитарлық билікті ұстап тұруға ғана негізделген және фашизмнің элементтері бар, ұлттарды «түрмеде» ұстау ғана көзделген, оның үстіне экономикалық негіздері әлсіз ленинизм мен сталинизм марксизмге мүлдем ұқсамайтын, ауылдары алыс болып шықты. Сонымен, біз вакуумде қалған болып шықтық. Ал бұл уақытта, әрине, ешкімге бодан болмаған, әрі ғылыми ресурстары мен технологияларын мұнай ресурстары сияқты сатып үйренген батыс ғылымның неше түрлі бағытын дамытып үлгерді. Біз көштен қалып қойдық. Сол олқылықты толтыру үшін ғылымды тезірек қазақыландыруымыз қажет. Біріншіден, деколонизациялану процесін жылдамдатамыз. Біз колония болдық, одан құтылудың жолы – өзіміздің кім екенімізді түсіну, халық ретінде басымыздан өткен дүниелерді сараптап, жауап алу, сол арқылы болашақ бағдарды айқындау. Болашақты айқындау тек бір ғана тұлғаның айтқанына сену болмау керек, әр тұстан ғалымдар сараптама жасап, үн қосу керек, азаматтық қоғам осы ғылыми түйіндермен таныс болуы керек. Сөйтіп, қоғамда сыни және ғылыми көзқарастарға негізделген пайым қалыптастыру қажет. Ол үшін, әрине, әлеуетті ғылым мен теориялар керек. Олардың бәрі батыста дайын тұр. Біз соған жете алмай отырмыз. Екіншіден, ғылым келген тіл дамиды. Оның дамуы үшін тілде ғылым, саясат, экономика сөйлеуі керек. Сонда ғана тіл тұрмыстық салаларда, той-томалақта ғана қолданылып қана қоймай, толыққанды өмір сүреді, дамиды, тұтас халықтың тіліне айналады. Ол үшін қазақ тілінде сенімді және сапалы ғылыми ақпарат дайындап, жас буынды сусындату керек, оларға ана тілімізде ғылыми және білім контентін жасап беруіміз керек. Сол үшін батыс ғылымы қазақ тіліне үздіксіз, пәрменді түрде аударылуы тиіс.

– Ал ғалым ретінде қазақ аударма саласы мен оның сапасына қандай баға бересіз?

– Жалпы айтқанда, қазір қазақ аудармасында  ұлттық сипат басым. Кеңес кезінде жылына 10 кітап аударылса, соның 6-ы КОКП тарихы сияқты саяси кітаптар мен брошюралар болатын. Қазір біз өзіміздің ұлтымызға шынымен керек дүниелерімізді аударып жатырмыз. Бұл тәуелсіздіктің арқасы. Алайда қарқынымыз тым баяу. Еңсемізді көтеріп кеткен шара Ұлттық аударма бюросы атқарған «Гуманитарлық бағыттағы 100 кітап» бағдарламасы болды. Ол қаншама жаңа терминді қалыптастырды, концепттер әкелді, ұғымдер енгізді. Тілдің біршама жандануына, ғылыми тілдің біраз көтерілуіне үлес қосты. Жеке кәсіпкерлер де аудармамен айналысуға тырысып жатыр, алайда жеткіліксіз деңгейде. Аударма өте үлкен қаржыны талап ететін сала. Сондықтан оған стратегиялық маңызы бар сала ретінде қарау қажет. Ал мемлекет үздіксіз және аямай қаржыландырып, тілге ғылым мен білімді әкелуге мұрындық болуы тиіс. Білім мен ғылымға кеткен қаржы ешқашан бос кетпейді және ол он есе көп пайда әкелетіні белгілі.

– Мәнді де мағыналы әңгімеңіз үшін көп рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Әңгімелескен Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер