Ақмола облысындағы мемлекеттік сатып алуларға жүргізілген мониторинг нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мамандары 95 мың теңгеге бір дәптер сатып алмақ болған білім беру мекемесі туралы фактілерді анықтаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аймақта бағаны төмендету арқылы берілген ұсыныстардан кейін 1 миллиардтан астам бюджеттік қаржыны үнемдеуге мүмкіндік туғандығын жеткізді. Мәселен, аудандардың біріндегі білім беру мекемесі 14 млн 250 мың теңгеге қалың дәптер сатып алуды жоспарлаған. Яғни, бір дәптердің құны 95 мың теңге болып отыр. Ал дәптердің нарықтағы бағасы 60 теңге.
— Департаменттің дер кезінде араласуының арқасында сатып алу жүзеге аспады және бюджет қаражаты үнемделді, – деді өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.
Білім беру мекемесі болса, дәптер бағасының қымбаттығын мемлекеттік сатып алу порталында ақпаратты толтыру кезінде жіберілген қатемен байланыстырды.
Еске сала кетсек, осыған ұқсас жағдай Қызылорда облысында да болған еді. Жаңақорған кенті әкімінің аппараты да бағасы 1,5 млн теңге тұратын дәптер сатып алуды жоспарлаған еді.
"Адырна" ұлттық порталы