Қазақстанда тұтынушылық кредит алушылар саны өскен деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
"Биылғы жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша тұтынушылық қарыздар 2020 жылмен салыстырғанда едәуір жеделдеп (2020 жылы тұтынушылық қарыздар 4,3%-ға ұлғайды), 5,4 трлн теңгеге дейін 23,8%-ға немесе экономикаға кредиттердің 33%-на (жыл басында 30%) ұлғайды. Осы көрсеткіштің өсуі ағымдағы жылы ЖІӨ мен халық табысының номиналды өсімінен едәуір асып түседі, бұл тұтынушылық кредит беру нарығындағы тәуекелдердің артуын растайды", - делінген агенттік хабарламасында.
Ағымдағы жылдың басынан бастап жаңадан берілген тұтынушылық қарыздардың 88%-ын 3 банк: "Kaspi Bank" АҚ, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ, "Сбербанк" АҚ ЕБ қамтамасыз еткен.
Ал мемлекеттік кредиттік бюроның деректері бойынша қарыз алушылардың көпшілігінде, яғни 72%-да, кредиттер бойынша берешегі борышының орташа сомасы 1 млн теңгеге дейін орташа алғанда 339,2 мың теңге болады.
Тұтынушылық кредиттер бойынша қарыз алушылардың негізгі үлесі еліміздің ірі қалалары – Алматыда (24,1%), Нұр-Сұлтанда (9%), Шымкентте (7%) шоғырланған.
"Адырна" ұлттық порталы