Қарағандыдағы қайғылы оқиға: Аттракционда қаза болған әйелдің жақындары мән-жайды түсіндірді

26055

Қарағандыда "тарзанка" типті аттракционда қаза болған Евгенияның жақындары жазатайым оқиға қалай болғанын айтты. Олардың сөзінше, қайғылы оқиғаға дұрыс бекітілмеген арқан себеп болды. 33 жастағы қарағандылықтың достары оның бұған дейін мұндай аттракционға барғанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Евгения көптен бері осылай секіргісі келген, туған күніне экстремалды аттракционға сыйлық ретінде сертификат алған кезде қатты қуанған.

Биіктігі сегіз қабатты бұрынғы "Созвездие" қонақүйі бір кездері жоқ болып кеткен қазақстандық банктердің біріне тиесілі болған, алайда кейін қараусыз қалған. Сол себепті оны роупджамперлер иеленген.

 

Биіктен арқанмен секіру альпинист арқанынан жасалған күрделі амортизациялық жүйенің көмегі арқылы жүзеге асырылады. Төменде және ғимарат төбесінде нұсқаушылар секіретін адамды сақтандырып тұрады. Бұл жолы да дәл солай болған. Секірер алдында әйелден психикалық және физикалық денсаулығы туралы қолхат алған. Төменде Евгенияны күйеуі күтіп тұрды, ол әйел секірген кезде оны жақсы көретінін айтып үлгерді.

- Арқан керілмей қалды. Ол видеодан да көрініп тұр. Оны мен де көрдім, ол секірген кезде ғана арқан тартылды. Арқан оның артынан тартылды. Ол бекітілмеген, байланбаған, - дейді марқұмның құрбысы Светлана Морозова.

Ал сол аттракционды ұйымдастырушы компания Instagram парақшасында толық қауіпсіздікке кепілдік береді. Жеке парақшаға қарасақ, компания он екі жыл бойы биіктен секіру бойынша қызмет көрсетеді, тіпті максималды 245 метр биіктен секіруді сәтті ұйымдастырған. Парақшада әртүрлі экстремалды видео толып тұр. Алайда олар "Созвездие" қонақүйінің жанында не болғанын түсіндірмеді. Пікір беруден бас тартқанын полицияға қолхат бергенімен байланыстырды. Ал бұл эстрим-бизнестің негізін қалаушы Ресей азаматы екені белгілі болды. Ол қазір шетелде жүр.

- Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 306-бабының үшінші бөлігі ("Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс аясында полицейлер аттракционды ұйымдастырушының осы қызмет түріне лицензиясы бар-жоғын, қауіпсіздік талаптарын сақтағанын анықтайды. Тергеу жүріп жатыр, - деді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Марқұм Евгенияның туыстары мен жақындары жерлеуге дайындалып жатыр. Үш бала анасыз қалды. Ал ойын-сауықты ұйымдастырушыларға көптеген сұрақ қордаланып қалды: мысалы, қыздың басында неге шлем болмады? Себебі бетонға басын соққан кезде қатты жарақат алған. Көп қан жоғалтқан. Қарағанды билігі биіктен секіруге рұқсат бермегенін мәлімдеді.

- Қарағанды әкімдігі секіруге рұқсат бермеген. Биік ғимарат иелерімен, өзін-өзі басқару органдарымен шатырларға қауіпті құрылыс пен аттракцион орнату фактілеріне жол бермеу бойынша түсіндіру жұмысын жүргіземіз, - деп түсіндірді қала әкімдігі.

Сондай-ақ қала әкімдігі қай мемлекеттік орган ойын-сауықтың осы түрін бақылайтынын нақты айта алмады. Қазір ведомство заңгерлері осы мәселемен айналысып жатыр. Егер секіруді ұйымдастарушылардың кінәсі дәлелденсе, олар сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар