Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Ақбұлақ ықшам ауданындағы атыс кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларымен кездесіп, пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
- Кездесу барысында қала әкімі қаза тапқан полицейлердің отбасына тағы да көңіл айтып, отбасыларына пәтер кілтін табыстады. Алматы әкімдігі қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына қолдау көрсетуден аянбайды", - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы, 1988 жылы туған, ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет еткен. 2021 жылдың 28 шілдесінен бастап Алатау аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарды. Оның артында 5 және 7 жастағы екі баласы қалды.
Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция майоры Сүлеев Дархан Дауылбайұлы, 1982 жылы туған, ҚР ІІМ Алматы Академиясының Магистратурасын бітіргеннен кейін 2003 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет етті. 2021 жылдың тамызында учаскелік инспектор лауазымына тағайындалған еді. Оның артында кәмелетке толмаған бес баласы қалды, олардың ең кішісі – 4, үлкені – 16 жаста. Байғазиевтің отбасы сияқты оның да жеке тұрғын үйі болған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйекте мегаполистегі шағын аудандарының бірінде үй иесі Игорь Дужнов аңшылық мылтықтан үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген адамдарға оқ жаудырды. Алматылық мерген бес адамды өлтірді. Қаза болғандардың арасында екі полиция қызметкері мен сот орындаушысы, сондай-ақ үйдің жаңа иесі және куәгер бар.
"Адырна" ұлттық порталы