Ақтөбелік тұрғын сотта кінәсіз екенін дәлелдеп, 20 млн теңге өндіріп алды

4055
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбелік Ардақ Темірханов өзінің кінәсіз екенін дәлелдеп, ҚР Қаржы министрлігінен 20 млн теңге моральдық шығынды өндіріп алды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Ардақ Темірханов ҚР Қаржы министрлігін сотқа беріп, моральдық шығын ретінде 90 миллион теңге сұрады. Сонымен бірге заңгерлік көмек алғаны үшін, яғни қорғаушы қызметіне 3,5 млн, медициналық қызметтеріне 135 509, қылмыстық іске қажетті сараптамаға 126 300, 2018-2020 жылдар аралығындағы табысынан айырылғаны үшін 4 440 000 теңге талап етті.

Іс материалына сүйенсек, облыстық полиция департаменті 2017 жылдың 6 қарашасы күні Ардақ Темірхановты Қылмыстық кодекстің 189-ы бабы бойынша ұстап, сот оны 2018 жылдың 6 қарашасында 7 жылға бас бостандығынан айырды. Әрі «Казвторчермет» АҚ-на 16 775 067 теңге, мемлекеттік бажға 503 250 теңге төлеу міндеттеліп, сот залында қамауға алынды.

Ақтөбе облыстық соты апелляция кезінде №2 Ақтөбе қалалық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырғанымен, Жоғарғы сот 2020 жылы сот шешімін негізсіз деп танып, қайта тергеуге жіберді.

Ал 2020 жылдың 29 желтоқсаны күні Ақтөбе облыстық сотының қылмысты істер жөніндегі сот алқасы Ардақ Темірхановты кінәсіз деп танып, сот залынан бостандыққа шығарды. Кейін ол жазықсыз сотталғаны үшін ҚР Қаржы министрлігінен моральдық және материалдық шығынды өтемекке сотқа арыз жазды.

«Ардақ Темірхановтың ҚР Қаржы министрлігінен материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы өтініші ішінара қанағаттандырылды. Республикалық бюджеттен моральдық шығын ретінде 20 млн теңге, заңгер қызметі үшін 3,5 млн теңге, медициналық тексеруге 103 409 теңге, қылмыстық іске қажетті сараптамаға 126 300 теңге, табысынан айырған кездегі шығыны үшін 4 440 000 теңге және азаматтық іс кезінде шығыны ретінде 800 мың теңге өндірілсін. Ардақ Темірхановтың ҚР Қаржы министрлігінен 70 млн теңге моральдық және 32 100 тг медициналық тексеру шығынын өндіру туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын»,- деп жазылған сот шешімінде. Айта кетейік, сот шешімі заңды күніне енген жоқ. Тараптар бір айдың ішінде арыз түсіре алады.

Пікірлер