Мүгедектерге күтім жасайтындар үшін жәрдемақы тағайындалмақ

705

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сенат қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көзделген әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі жаңалықтар туралы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өз сөзінің басында ол бұл заң мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және өзге де санаттарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленгенін атап өтті.

Әукеновтің айтуынша, құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақыны енгізу қарастырылған.

«Қазіргі уақытта I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтамасыз етілмеген. Заңды қабылдау нәтижесінде сыртқы қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қосымша қамтылады», – деді вице-министр.

Бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылардың мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, заңда мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Сондай-ақ, ата-анасының біреуі немесе екеуі (асыраушысы) қайтыс болған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163 – тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін)», – деп түсіндірді Ерлан Әукенов.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы