Қазақстан Кабулден 35 қандасты алып шықты. Қыркүйектің басында елге келген қандастар осы уақытқа дейін карантинде отырған олатын. Мемлекет қандастарға тұратын орынмен қамтамасыз етті. Алдағы уақытта оларға жұмыс пен бір мезеттік жәрдемақы беру мәселесі де қарастырылуда. Қандастар Ауғанстанда қандай қиындықтар көргенін КТК телеарнасына берген сұхбатта айтқан.
Файзулла Ахмадидің отбасы қазіргі таңда Бурабай ауданындағы үш бөлмелі үйде тұрып жатыр. Қазақстанға ол әйелі мен қарындасын және бес баласын әкелген. Олар соңғы төрт жылда Қазақстанға көшуге талпынған, алайда құжаттарымен қиындықтар болыпты.
Файзулла Ахмади Ауғанстандағы қазақтар жайлы былай дейді: "Біз Орта жүздің Қоңырат руынанбыз. Біз Пәкістанда, Иранда жұмыс істеген едік, алайда кейін ол жақта қиындықтар пайда болды. Ауғанстанға келгенімізге көп болмады. Кейін оны тәлібтер басып алды. Бізге елшілік қызметкерлері шығып, Алматыға ұшып кету мүмкіндігі туындағанын айтты. Ол жақта мыңға жуық қазақ қалды, олар да Қазақстанға келгісі келеді. Олар ол жақта тұруға қорқады, жұмыс табу да өте қиын. Оларға "Өз отандарыңа кетіңдер" дейді.
Қазір Ауғанстаннан келген қазақтар үшін басты мәселе жұмыс табу болып отыр. Мемлекет ол жағынан көмектесуге дайын.
"Адырна" ұлттық порталы