"Жүлде алғанда бапкерлерге керексің, басқа кезде сені лақтыра салады"

669

Ауыр атлет Альберт Линдердің өлімінен соң Жазира Жаппарқұл, Карина Горичева, Семен Линдер бастаған басқа атлеттер "құрамадағы бапкерлер қол көтереді, тапқан жалақымыздан жырып алады, бопсалайды, ақша бермесек допинг табамыз деп қорқытады" деп мәлімдеді. Бұл шу басы допинг дауынан арылмаған ауыр атлетикаға әлі реформа жасалмағанын көрсетті. "Жүлде алғанда бапкерлерге керексің, басқа кезде сені лақтыра салады" дейді атлеттер.
Олар 1994-2016 жылдары құраманың бас бапкері болған, бас бапкерліктен кетсе де де-факто орнын сақтап қалған Алексей Ни мен құраманың аға бапкері Сергей Седовты айыптайды. Риода қола алған Горичева Седовтың қол көтергенін жылап отырып айтты. Балалар құрамадағы орны үшін осыған дейін ауыздарын жауып келдік деп отыр.
"Құрамадағы ауыр атлеттердің көбі тұрмысы төмен отбасынан шыққан. Біз алып жүрген айлығымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқып жүрдік" - дейді Надежда Ногай.
Бір спортшының өлімі ауыр атлетика жүйесіндегі былықты тағы да ашып бергендей. Қазақстан ауыр атлетикасында спортшы карьерасын аяқтаған соң бапкерлікке ауысуға мүмкіндік жоқ. Ес білгелі штанга залынан шықпаған спортшы өмірден өзін таппай қиналады. Қолдаушысы аз спортшы психологқа баруды да өзі ойламаса керек.
Қазақ қыздары арасынан олимпиада жүлдесін алған Жазира Жаппарқұл қазір қайда? Афинада күміс алған ауыр атлет Сергей Филимоновтың СТО-да жұмыс істеп жүргені белгілі болған. Азия чемпионы Татьяна Хромова да спорттан кеткен соң ешкімге керек болмай қалған. Альбер Линдер де құрылыс пен СТО жағалады. Ауыр атлетикада жүлде алсаң керексің, басқа уақытта ешкім сені керек қылмайды. Илья Ильин ғана қазір мемлекеттік қызметте жүр. Ол Ильиннің пысықтығы шығар. Я бір жерден өзіңді табу үшін олимпиадада екі алтын алып, артынан допингпен ұсталып оны қайтарып беру керексің.

 

Руслан МЕДЕЛБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар