Шымкентте ойын алаңынан әйелдің мәйіті табылды

896

Шымкентте көпқабатты үйдің ауласынан 28 жастағы бойжеткеннің денесі табылған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Сырғанаққа асылып тұрған мәйітті  көргендер  дереу  полицияға  хабарлаған.  Тәртіп сақшылары бұл хабарды растады. Олардың айтуынша, қайғылы жағдай 18 қыркүйекте болған. Қазір ойын алаңында көз жұмған әйелге қатысты тергеу жүріп жатыр.

"Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 105-бабының 1-бөлігімен тіркелді. Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде", — дейді  Шымкент қалалық полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Мөлдір Бекеева.

Балалардың ойын алаңында болған бұл жайттан  тұрғындар бейхабар екен. Олар мұны  әлеуметтік желіден көріп, жағасын ұстаған. Айтуларынша, қайтыс болған әйел бұл ауданның тұрғыны емес.

"Ондай жағдай болса есітер едім. Айтатын еді ғой көршілер. Басқа жақтан келген қыз шығар бәлкім. Бұрын бұл жерде бір жағдай болған 5-6 жыл бұрын. Гараждың қасында бір қызды өртеп кеткен. Бұл жерде қылмыс деген көбейіп бара жатыр", — дейді жергілікті тұрғын Бақытжан Орманов.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы