Тоқаев: Еліміз бидай мен ұн өндіруші ірі елдердің ондығына кіреді

2433
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитте сөз сөйледі, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі таңда азық-түлік нарығының орнықты дамуы үшін жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, азық-түлік жүйелері табиғи қажеттілік, қоршаған орта, экономика мен мәдениет сияқты адамзат болмысының барлық қырын қамтиды.

– Әлем бойынша азық-түлікті жеткізудің белсенді қатысушысы саналатын Қазақстан аграрлық секторды экологияландыруды және орнықты дамытуды қолдайды. Еліміз бидай мен ұн өндіруші ірі елдердің ондығына кіреді және жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттайды. Біз негізгі тежеуші факторларға қарамастан, майлы дақылдар экспортын 1 миллион тоннадан асырдық. Дегенмен, азық-түлік жүйесі экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан орнықты болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның егін шаруашылығы қауіп-қатері бар аймақта орналасқанын және құрғақ климаттың әсерімен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Еліміздің су шаруашылығы 40 пайыз көрші елдерден ағып келетін суға тәуелді.

– Жер-су ресурстарын барынша тиімді пайдалану мақсатында жердің құнарын арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және су өткізу жүйелерін цифрландыру жөнінде шаралар қабылдадық. Орнықты азық-түлік жүйелері туралы айтқан кезде көптеген елде су дипломатиясына қатысты мәселелер өзекті екені анық байқалады. Азық-түлік жүйелері жөніндегі проблемалар мен су ресурстарын басқару, шекарааралық өзендерді пайдалану мәселелері өзара тығыз байланысты. Мұның барлығы азық-түлік жүйелері туралы келісімдерде көрініс табуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер