Облыстық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған реабилитациялық орталықта «Үміт үзгім келмейді» деп аталған кеш өтті

331

Онда ақынжанды Раушан Рамазанқызының жүрек жарды өлең шумақтары көпшілік назарына ұсынылды

Қостанай облыстық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған реабилитациялық орталықтың кітапханасында емделіп жатқан жандардың бірі Раушан Абдрахманованың өзі шығарған өлеңдеріне арналған «Үміт үзгім келмейді» деп аталған кездесу кеші өтті.

Раушан Рамазанқызы бұрынғы Торғай облысы Қызыл жұлдыз деген жерде дүниеге келген. Бүгінде Арқалық қаласында ғұмыр кешіп жатыр. Ол 2013 жылы жүйке жүйе ауруына шалдығып, Қостанай облыстық ауруханасында көп уақыт ем алады. Қатерлі жүйке жүйе ауруының салдарынан Раушан Рамазанқызының бір қолы икемге келмей қалған. Бүгін де ол осы дертіне жылына 2 мәрте аталмыш реабилитациялық орталығында ем қабылдап жүр.

Биыл жаз айында осында емделуге келген Раушан Абдрахманова орталықтың кітапханасына жиі бассұғып, емдік шаралардан кейінгі бос уақытында кітап оқумен айналысады. Сөйтіп, осы мекеменің кітапханашысы Кенжегүл Мұратбековаға өзінің өлең жазатыны жайында айтады.

-Апамыз маған өзім өлең шығаратын едім, деп бірнеше шумақтарын әкеліп барді. Өлеңдері маған қатты ұнады. Кейбіреулеріне көңілім толқып, көзіме жас алдым. Кейін бұл кісінің өлеңдерін көпшілікке таныстыруды жөн көрдім. Раушан апаға сіздің өлеңдеріңізді осында жатқан жандарға таныстыру мақсатында кездесу ұйымдастырамын дегенімде ол кісі бірден келісімін берді,-дейді орталық кітапханашысы Кен жегүл Мұратбекова.

Раушан апамызға ақындық әкесі Абдрахманнан дарыған екен. Әкесі ауылда мал шаруашылығымен айналысқан қарапайым кісі. Күнделікті жұмыстан қолы босаса болды кітабын алып, оқуға кіріседі екен. Әкесінің кітапқұмарлығын кішкентайынан көріп өскен Раушан апамыз да кітапқа жаны құмар болып қалыптасады. Бірақ жастайынан өлең жазбаған екен.

2013 жылы қатты науқастан облыстық ауруханада біраз уақыт жатып қалады. Осы кездері ауруханада қол-аяғы жоқ мүгедек баламен көршілес бөлмеде жатады. Күнделікті анасы тамақтандырып отыратын баланың бейнесі бұл кісіге ерекше әсер қалдырған болар, осы балаға арнап «Мүгедек» деген өлең жазады. Содан бері Раушан апамыздың жүрегін жарып шыққан өлеңдер саны арта береді. Бүгінде оның 20-дан астам «Анама», «Арбадағы ару», «Арманда қалмайын», «Біз адамбыз» деп аталатын өлеңдері бар.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған реабилитациялық орталықта ұйымдастырылған кешке Раушан Рамазанқызының құрбы-құрдастары қатысып, өздерінің жүрегіне жақын өлеңдерді көпшілік назарына ұсынды.

Солардың бірі Қостанай қаласының тұрғыны Бахытжамал Досболова. Ол кісі ақынжанды құрбысының «Мешіт сал, бай болсаң» деген өлеңін көпшіліктің жүрегіне жеткізе білді.

Сонымен қатар шара барысында облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, әнші Динара Намиялы әсем әннен шашу шашты. Кеш соңында осынау орталықта ем алып жатқан жандардың бірі Жітіқара ауданынан келген Майра Мүсірепова құрбысы Раушан Рамазанқызының өлең жолдарының мағынасы терең, ұйқасы келісімді екеніне тоқтала келе, болашақта осы өлеңдерін жинақ ретін кітап қылып шығаруына тілектестік білдірді. Қаламыздың тіпті еліміздің кез-келген кітапханасында тұратын туынды болсын деген ақ жарма тлегін білдірді.

-Мен бала кезден кітап оқуды жаным сүйетін. Қазірде бос уақытымды кітап оқумен өткіземін. Әкем де кітапқұмар жан. Ол кісінің де өлең жазатын қасиеті бар. Сол қасиет маған да берілген екен. Жаным қиналып, көп жыл ауырған кездері өлең көкейіме келді де тұрды. Сөйтіп ойыма оралған шумақтарды қағаз бетіне түсіре бастадым. Өлең шығаратынымды отбасым жақсы біледі. Жаңадан шығарған өлең шумақтарымды асыға күтіп отырады. Бірінші кезекте соларға оқуға беремін,-дейді Раушан Абдрахманова.

Бүгінде оған бойына біткен асыл қасиет басына түскен аурт дертпен күресуге күш береді. Ақынжанды апамыздың жүзі жарқын. Еш қиындыққа мойымай, отбасының қолдауын көріп отырғанына қуанады. Отағасы Төлеген де жарының ауыр дертке шалдыққан сәтінде үнемі қасынан табылып қолдау көрсетіп келеді. Қыздары Мақпал мен Қымбат анасының қолғанаты. Ал ұлы Абзал болса, анасына әрдайым қорған болуға тырысады. Кішкентай немересі Жансерік болса, әжесінің қанаты, көз қуанышы.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған реабилитациялық орталықта ем алып, жақын арада үйіне аттанғалы отырған апамыз Раушанның болашақта өлең жинақтарын кітап қылып шығарсам, оны кітапханаларға беріп, жергілікті тұрғындардың назарына ұсынсам деген арманы бар. Арамыздан осындай арман жетегінде жүрген жанға демеушілік етемін, бір кісіге қуаныш сыйлаймын дейтін жомарт жан табылып жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Пікірлер
Редакция таңдауы